Сенаторлар креативті индустрияны дамытатын заңды талқылайды

7

0

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар креативті индустрияларды қолдауға бағытталған заңды жан-жақты талқыға салады.

Айта кетерлігі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Мәжіліс өткен жылдың желтоқсан айында қабылдаған еді. Сол кезде құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау заң креативті қызметті жүзеге асыру тәртібін одан әрі реттеуге бағытталған атап өтті.

«Креативті индустрия қызметкері» және «креативті индустрия субъектілерінің тізілімі» ұғымдары енгізіледі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің креативті индустриялар саласындағы жобаларға жеке инвестицияларды тарту мониторингін жүргізу құзыреті белгіленді. Әкімдіктерге креативті индустриялар саласындағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы әлеуетті ашу және таланттарды дамыту үшін жағдай жасау құзыреті беріледі. Шығармашылық және кәсіби даму еркіндігі мақсатында креативті индустрия қызметкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі нормалар көзделген, — деген еді ол.

Нұргүл Таудың айтуынша, заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар мынадай түзетулер енгізді:

  • «Мәдениет туралы» Заңда мемлекеттік қолдау шараларын алуға үміткер креативті индустрия субъектілерінің бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу жөніндегі уәкілетті органның құзыреті толықтырылды;
  • «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңда жастарды креативті индустрияға тарту шараларын, оның ішінде жастардың креативті бастамалары мен жобаларын қолдау арқылы қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның құзыреті толықтырылды. Сондай-ақ жастарды креативті индустрия саласына тартуға жәрдемдесу бөлігінде мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары кеңейтілді;

«Кинематография туралы» Заңда ұлттық фильмдер шығаруға бөлінетін қаражат көлемін айқындау жөніндегі уәкілетті органның құзыреті нақтыланды.

— Бұдан басқа, Үкімет ұсынысы бойынша заң жобасына шетелдік әртістердің қатысуымен ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде іс-шараларды ұйымдастырушылардың қызметін регламенттеу; кинопрокатқа арналған фильмдерге прокат куәлігін беру тәртібін өзгерту бойынша ұсынымдар енгізілді. Сонымен бірге, депутаттар редакциялық сипаттағы түзетулер мен нормаларды заң техникасына сәйкес келтіруге бағытталған, заң жобасының мазмұнын сапалы жақсартқан түзетулерді енгізді, — деді Мәжіліс депутаты.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы палатаның жалпы отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен OPEC Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.

Сенатор Сәкен Арубаевтың айтуынша, бұл келісім мемлекетіміздің экономикасының өсуіне және оның тұрақтылығын арттыруға ықпал етуге бағытталған. Келісімнің негізгі мақсаты – қазақстандық жеке компаниялардың ОРЕС қорының қаржы құралдарына қол жеткізуін жеңілдету үшін тұрақты платформа құру. OPEC Халықаралық даму қорының негізгі миссиясы – дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау.

Қор 50 жыл ішінде әлемнің 125 елінде 4 мыңнан астам жобаны іске асырып, жалпы сомасы 30 млрд АҚШ долларынан астам қаржы бөлді. Соңғы 20 жылда Орталық Азия елдеріне 1,4 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылған. Атап айтқанда, келісім нормалары ұзақ мерзімді қаржыландыруды, инвестицияларды қорғауды және ынтымақтастықтың икемді шарттарын қамтамасыз етуге негізделген, – деді сенатор.

Заң нормаларымен Қазақстан аумағында ОРЕС қоры толық заңды тұлға ретінде танылып, тікелей салықтардан босатылып, сондай-ақ оған халықаралық ұйымдарға қатысты иммунитеттер мен артықшылықтар беріліп отыр. Қорға мемлекеттік кепілдіктер беру қажет емес болғанымен, жеке сектор жобалары Үкіметпен келісілетіні қарастырылған.

Қор қызметінің негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:

– инфрақұрылымды салу және дамыту;

– климаттың өзгеруіне қарсы шаралар;

– азық-түлік қауіпсіздігі;

– энергетикалық ауысымға жәрдемдесу;

– цифрландыру және инновациялар;

– шағын және орта бизнеске экономикалық мүмкіндіктер жасау.

Сондай-ақ палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Заңның негізгі мақсаты – күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілердің қызметін жетілдіру, қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейту, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіру.

Сенаторлар креативті индустрияны дамытатын заңды талқылайды
Фото: ITSW қоры

Заң нормалары күзет қызметі мен қару айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге және күзет қызметтерін ұсыну сапасын арттыруға арналған. Заңның негізгі міндеттерінің қатарында құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ, құқық қорғау органдарындағы кадр саясатының тиімділігін арттыру сияқты нақты бағыттар бар.

Палата отырысының соңында сенаторлар халықты алаңдатқан өзекті мәселелер туралы депутаттық сауалдары жолдады. Атап айтқанда, Андрей Лукин инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және елдегі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі шараларды күшейту қажет екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмысты бүгінде рөлі формалды болып қалып отырған Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің функционалын қайта қараудан бастау керек. 

Ал Бибигүл Жексенбай еліміздің зияткерлік, рухани және халықаралық беделін қалыптастыруда стратегиялық рөл атқаратын маңызды бағыт – мәдениет саласындағы проблемаларға назар аударды. Ол шығармашылық инклюзияны жетілдіру, заманауи цифрлық технологияларды дамыту, мамандарды кәсіби және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету бойынша заңнамалық өзгерістер мен ұлттық стандарттарды енгізу мәселесіне қатысты маңызды ұсыныстарға тоқталды.