Сенімді серіктестік беки береді

147

0

Фото: Ақорда

Кеше Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Шағын құрамдағы келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-болгар серіктестігін одан әрі нығайту тұрғысынан Румен Радевтің сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.

– Болгария – Қазақстанның Еуро­падағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Екі елді тамыры терең саяси және экономикалық ынтымақтастық байланыстырады. Әртүрлі саладағы екіжақты қарым-қатынастарымыз тұрақты дамып келеді. Мұны сенімді саяси диалогтан, пар­ла­менттер арасындағы нәтижелі ықпал­дастықтан, сауда мен инвес­тицияның қарқынды өсуінен, ха­лықтарымыздың байланысы мен әлемдік қоғамдастықтағы өзара қолдаудан анық аңғаруға болады. Екіжақты сауда айналымының артып келе жатқаны қуантады. Бұл – жақсы үрдіс. Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта біз тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, көлік және құрылыс салаларында жемісті ынтымақтастық орнаттық. Энергетика, транспорт және ло­гис­тика, жасыл энергия, атом өнеркәсібі, ғарыш, ауыл шаруа­шылығы, цифр­ландыру, денсаулық сақтау, туризм секілді перспективті салалар бойынша ықпалдастықтың әлеуеті зор, – деді Қазақстан Президенті.

Румен Радев қонақжайлық та­нытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар елдеріміздің ара­сындағы серіктестік деңгейіне жоғары баға беріп, барлық салада байланысты жандандыруға ниетті екенін жеткізді.

Кеше сондай-ақ, Қазақстан мен Болгария президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президенті атап өт­кендей, Румен Радевтің елімізге үлкен делегацияны бастап келуі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді. Мемлекет басшысы тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын, сондай-ақ оны ұлғайтуға мол әлеует бар екенін айтты. Статистикаға сәйкес, биылғы төрт айда өзара сауда-саттық көлемі 83 миллион доллардан асты, ал был­тыр бұл көрсеткіш төрт есе артып, 375 миллион долларға жеткен.

– Қазақстан экономикалық ын­ты­мақтастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруа­шы­лығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздерден кейін мемле­кеттер басшыларының қатысуымен құжат алмасу рәсімі өтті.

Сонымен қатар екі ел басшысы БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, елімізде тату-тәтті өмір сү­ріп жатқан түрлі этностар қа­тарында болгар ұлтының өкілдері де бар. Осы ерекше байланыс халықтарымыз ара­сын­дағы ынты­мақтастықты арт­тыра түседі.

Өз кезегінде Румен Радев тараптар қызығушылық танытатын барлық сала бойынша екіжақты қарым-қатынасқа салмақты тал­дау жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, ықпалдастықты нығай­туға зор әлеует бар.

Мемлекет басшысы сондай-ақ кеше өткен «Қазақстан – Болгария» бизнес-форумында бұл іс-шаралар екі елдің экономикалық және инвес­тициялық ынтымақтастығына тың серпін беретінін айтты.