Шәкіртті тәжірибе шыңдайды

64

0

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кәсіптік-техникалық оқу орындарының тыныс-тіршілігімен танысуға арналып өткізіліп жүрген баспасөз туры Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде жалғасты. Біз барғанда ұжым республикалық семинарға қызу дайындық үстінде екен.

Жалпы «Еңбек түбі – береке, кәсіп түбі – нәсіп» дейді дана халқымыз. Кәсіп игеріп, игілігін көріп жүргендер аз емес. Әсіресе, күнделікті тірлігіміз техникаға байланған мына заманда оның тілін меңгерген маманның қадірі артып-ақ тұр. Қарапайым ғана тұрмыстық техникалардан бөлек, кейінгі кезде ауыл шаруашылығы, өндіріс салаларының автоматтануы, жаңа технологиялардың енгізілуі оның қыр-сырын меңгерген мамандарды қажет етуде. Бір сөзбен айтқанда, жұмысшы маманға деген сұраныс күн өткен сайын  артып келеді.

Колледж көкжиегі

Жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл Президент Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам екені сөзсіз. Сондай-ақ елдің тұрақты өсуі мен инновациялық дамуын қамтамасыз етуде білікті мамандарды дамытудың маңыздылығын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Лайықты азамат – өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек» деген еді.

Жастарды еңбек пен білімге баулып, кә­сіпке үйретіп, маман етіп шығаруда кә­­сіптік-техникалық оқу орындарының ма­­ңызы зор. Біздің өңірде де қаншама жыл­дық тарихы бар іргелі кәсіптік білім ошақ­­тары баршылық. Солардың бірі осы Шиелі ин­дустриалды-аграрлық колледжі.

1958 жылы құрылған оқу орны 70 жыл­ға жуық уақыттан бері қаншама шәкірт тәрбиелеп, сан мыңдаған жұмысшы маманды дайындады. 18 мамандық, 28 бі­лік­тілік бойынша мемлекеттік лицензия алын­ған. Бүгінде мұнда жалпы біліммен қатар 10 мамандық, 10 біліктілік бойынша оқытылады. Инженер-педагог қызмет­кер­лер саны – 61. Оның ішінде   35-і оқытушы, 26-сы өндірістік оқу шебері. Жалпы 116 маман қызмет етеді. Колледжде 473 студент білім алуда. 240 орындық жатақханасы бар.

Мұнда білім алушылардың өндірістік оқуы мен кәсіптік тәжірибеден өтуі ау­дан­дағы ірі кәсіпорындармен жасалған ке­лісімшарт негізінде жүргізіледі. Колледж директоры Болат Сүлейменов бұл ла­уазымға жыл басында өндірістен ауысып келген. Өндірістің қыр-сырын мең­гер­ген ол  жаңа қызметке келгелі бері тео­рия­лық білімді өндіріспен ұштастырып, бі­лім алушылардың мамандық бойынша ма­шығын дамытуға баса назар аударуда. Мәселен, жыл басынан білім алушыларды өндірістік оқу мен кәсіптік тәжірибеден өткізу мақсатында аудандағы 20-дан астам ірі кәсіпорын және шаруа қожалығымен жаңадан келісімшарт жасаған.

– Жалпы колледж тарихы еліміздің еңбек шежіресімен сабақтас. Бұл оқу орны – еңбек ерлерінің ұстаханасы. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев, Социалистік Еңбек Ерлері Закира Ержанова, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қа­зан­баева, Жадыра Таспамбетова – бәрі де осы орданың түлегі. Одан бөлек, халық сүй­ген механизаторлар Рысбай Мәуленов, Сұлтан Айтасов, Жақсылық Ахметов осы шаңырақтан қанаттанған. Колледж тарихына үңілсек, әр дәуірдің еңбек эпосын көреміз.

Өмір өзгерістен тұрады. Осы жыл мен үшін де, ұжым үшін де үлкен сын мен ізденістің, өзгеріс пен жаңғырудың жылы болды. Бүгінгі білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті, нақты өндіріске қажет маман да­йындауға бағытталуы тиіс. Мамандарды даярлау сапасын арттыруға ықпал ете­тін факторлардың бірі – әлеуметтік әріп­тестермен тиімді ынтымақтастық. Әлеу­меттік әріптестік білім алушыларды ең­бек нарығында табысқа жету үшін қа­жетті нақты ресурстармен, ақпаратпен және тәжірибеге қол жеткізумен қамтамасыз етеді.

Арнайы пән оқытушылары мен өндіріс­тік оқу шеберлерін тағылымдамадан өткізу және білім-біліктілігін арттыру мақсатында жоғары оқу орындары мен маңдайалды колледждермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға отырдық. Сәуірде колледжде «ҚазАтомөнеркәсіп» мекемесіне қарасты «KAP LOGISTICS» ЖШС-ның бас директоры Дархан Рамазанов­пен кездесу өтті. Дархан Болатұлы кол­ледж­дің ма­териалдық-техникалық база­сы­мен таны­сып, әріптес ретінде колледж­ге қажетті қон­дырғылар, техникалар, қо­сым­ша бөл­шек­термен мүмкіндігінше көмек бере­тінін және білікті мамандарын оқу про­цесінде ұйымдастырылатын жұмыс­тарға қа­тыстыратынын айтты. Нәтижесінде ме­морандумға қол қойылды. Бұл – әлеуметтік әріптес ретінде білімді ұрпақ, бәсекеге қа­білетті маман дайындауға бағытталған үлкен қамқорлық.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» біз­ге ерекше жауапкершілік жүктеді. Сол се­бепті  жыл басынан бері 8 жаңа маман­дық ашу жұмысы жүріп жатыр. Олардың қатарында автокөлікке қызмет көрсету, автоэлектрик, автослесарь, наубайшы, сумен жабдықтау жүйесінің операторлары, кран машинистері, уран өндіру саласының аппаратшылары, операторлар бар. Бұл – ел экономикасына ауадай қажет мамандықтар. Біздің міндет – осы салаларға білікті кадр даярлау.

Тағы бір ең маңызды жаңалық – ЗИФ-1200 МПК бұрғылау қондырғысының оқу процесіне берілуі. Мұндай техникамен жұмыс істеу – студентке өндірістің есі­гін ашқанмен тең. Еліміздің ТжКБ жү­йесінде сирек кездесетін мүмкіндік. Бұл қондырғы кәсіби құзыреттілікті бекітуге, практикалық дағдылар мен кәсіби қызмет тәжірибесін алуға үлкен мүмкіндік береді, – дейді Болат Мулланазарұлы.

Оқу-өндірістік жұмыстарымен қатар, зертханалар мен шеберханаларды жөндеуге көңіл бөлінген.

Жетістік алға жетелейді

Колледждің жетістіктері де баршылық. Шәкірттері WorldSkills жобасының түрлі байқауларына қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Айта кетейік, WorldSkills жобасының мақсаты – жұмысшы ма­ман­­дықтар мәртебесін арттыру және ше­берлік дағдыларын дамыту. Атап айтсақ, «Дәне­керлеу ісі» құзыреттілігі бо­йын­ша «World­Skills Kyzylorda-2024» облыс­тық іріктеу чемпионатына қатысып, облыс­тық жарыс­тан бас жүлде алған Сарыбай Ержан «WorldSkills-2024» ұлттық чем­пио­натының республикалық кезеңінен ме­даль иеленді. Осылайша ол жетекшісі Қайрат Башаровпен бірге оқу орнының абыройын асқақтатты. «Жас элект­рик-2025» облыстық байқауында Шие­лі индустриалды-аграр­лық колледжі жалпы­командалық есепте ІІ орынды иеленсе, колледж сту­денттері Аркадий Лян мен Нұрасыл Саты­балдиев «Электр сұлбаларын жинау» сайысында І дәрежелі дипломмен марапатталды. «Кон­дитерлік іс» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills-2025» кәсіби ше­бер­лік бай­қауының облыстық іріктеу ке­зеңінің же­ңімпазы Нұрайлым Есенбай І орынды жеңіп алды. Жетекшісі – Сабира Дайрақұлова.

Республикалық студенттер форумында «Бұрғылау қондырғысының машинисі» және «Экскаватор машинисі» мамандығы бойынша колледж студенттері І орынды жеңіп алды. Команда жетекшілері – арнайы пән оқытушысы Жалғасбек Қуан­дық пен өндірістік оқу шебері Гүлназ Жо­лым­бетова. «Сән технологиясы» құзы­реттілігі бойын­ша «WorldSkills-2025» кәсі­би шеберлік байқауының облыстық іріктеу кезе­ңінде Ақбота Пәрімбетова мен Аружан Әбді­расілова ІІІ орын иеленді. Жетекшісі – Айдана Ақылбекова. Ал «Электромонтаждау» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills-2025» кәсіби шеберлік байқауының облыстық іріктеу кезеңінде Аркадий Лян ІІ орын ал­ды. Жетекшісі – Мейірбек Сұлтанбек.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында, «Talap» КЕАҚ пен Абай облысының білім басқармасының қолдауымен ұйым­дастырылған геологиялық барлау коллед­жінде «Жастар – жаңа геологиялық ашылымдар жолында» атты республикалық сту­денттік форум өткізіліп, оған Абай, Жам­был, Қызылорда, Қарағанды облыстарынан колледж студенттері мен Новосібір қаласындағы Сібір геофизикалық кол­лед­жінің (Ресей Федерациясы) команда­сы қатысты. Сол шарада Шиелі индус­триалды-аграрлық колледжінің «Бұрғылау қондырғысының машинисі» және «Экс­ко­ватор машинисі» мамандығы бо­йын­ша Мирас Серкебай, Исабек Жомар­тұлы, Шерхан Мұрат, Нұрсейіт Әділ­бекұлы, Санжар Сабыржанұлы сынды студент­терден құралған команда және жетек­шілері Жалғасбек Қуандық, Гүлназ Жолым­бет­ованың демеуімен  І орынды жеңіп алды.

Ақмола облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген, Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері ара­сын­дағы «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша І аймақтық «AgroBest-2025» кәсіби шеберлік байқа­уын­да колледж студенті Әлішер Сайынов, жетекшісі Ғалымжан Дүйсебаев ІІІ дәре­желі дипломмен марапатталды.

– Алда үлкен мақсаттар мен жоспарлар бар. Ең негізгісі – студент санын арттыру, шеберханаларды толық жаңғырту, дуальді оқытуды 40-50% деңгейіне жеткізу, жаңа зертханалар ашу, индустриялық серік­тес­тер санын арттыру, студенттерді шетелдік тағылымдамаларға жіберу. Біздің арман – Шиелі индустриалды-аграрлық колледжін көшбасшы аграрлық-техникалық орта­лық­қа айналдыру, – дейді колледж директоры Болат Сүлейменов.

Колледждің тыныс-тіршілігімен таныс­қан соң біз студенттермен бірге теорияны тәжірибемен ұштастыратын алаң – өндіріс орнына бағыт алдық.

«Қарамұрын» кеніші

«Пайдалы қазбаларды барлаудың техни­касы мен технологиясы» мамандығы, соның ішінде №74 «Бұрғылау қондырғы­сының машинисі» біліктілігі бойынша оқып жатқан екінші курс студенттері ал­ғашқы өндірістік тәжірибеден өтуде.  Үс­теріне арнайы киім, бастарына каска ки­ген 17 өрен тәжірибе алаңына баруға са­қадай сай. Студенттер алдымен «Волков­геология» АҚ №23 геологиялық барлау экс­педициясы филиалы мекемесінде тех­никалық қауіпсіздік шараларымен және арнайы жұмыс нұсқаулығымен танысуы шарт.  Өйткені еңбек қауіпсіздігі – бәрінен маңызды. Бізді өндіріс орнына директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жалғасбек Қуандық және өндіріс шебері Қайсар Бекайдаров алып барды. Айтпақшы, білім ор­дасындағы ЗИФ-1200 МПК бұрғылау қон­дырғысын осы мекеме сыйға тартқан. 

Шәкірттерге мекеменің еңбек қауіп­сіз­дігі, оны сақтаудың маңызы туралы жетекші маман Мейірхан Рахманов түсін­дірді.

– Біз уран кен орындарын бұрғылаумен айналысамыз. Қай жұмыс орнында бол­саңыз да бірінші кезекте еңбек қа­уіп­­сіз­дігін сақтауымыз керек. Оған не кіреді? Бірінші, баста­рыңыздағы каска жатады. Сонымен  бірге өзге де жеке қорғаныс заттары бар. Атап айтқанда, арнайы киім, етік, қолғап, көзілдірік, құлаққап кіреді. Жұмысқа кі­ріспес бұрын осыларға мән береміз және жұмысшылар кіріспе нұсқаулықтан, сонан кейін жұмыс орнындағы нұсқаулықтан өтеді. Мәселен, етікті алайық, жұмысқа арналған етіктің басында темір бар. Ауыр заттармен биіктікте жұмыс істегеннен кейін қандай бір жағдайда  етіктегі темір аяқты зақымданудан сақтап қалады. Кейде темірі бар арнайы аяқ киімді үйдегі қарапайым аяқ киіммен ауыстырып киіп шығамыз. Ол дұрыс емес. Тіпті сым бұрасаң да, ше­ге қақсаң да сақ болу керек. «Апат айтып келмейді» деген, кез келген уақытта тө­тенше жағдай, оқыс оқиға орын алуы мүм­кін. Еңбек қауіпсіздігін сақтауға байланыс­ты ережелер жазылған қалың кітап бар. Ол жайдан-жай жазылмаған. «Сақтансаң, сақтаймын» деген емес пе, арнайы жұмыс формасын киюдің де өзіндік қағидасы бар. Кейде форманың жеңін түймелеу, жағаны қымтау секілді қарапайым ғана шартты орындауға немқұрайлы қараймыз. Ал оның үлкен өкінішке, қайғылы жағдайға ұрын­дыруы ғажап емес, – дейді М.Рахманов.

Мейірханның осы салада он бес жыл­дық тәжірибесі бар. Негізгі қызметі – қа­уіпсіздік ережесінің сақталуын қадаға­лау, түсіндіру. 1200 жұмысшыға дейін қа­уіп­сіздік ережелерін үйретіп, нұсқаулық­тар­мен таныстырған ол адамдардың немқұрай­лылығына, сақтыққа селсоқ қарайтынына талай мәрте куә болған. 

Біз мұнан әрі автобусқа отырдық. Ба­ғытымыз – кент орталығынан 15-20 ша­қырым жердегі «Қарамұрын» кеніші.

Шиеліде мекемеге қарасты екі кеніш бар. Бірі – «Қарамұрын», екіншісі – «Иір­көл».

Алдымен геологтар барлау жұмыстарын жүргізіп, картасын сызады. Содан соң бұр­ғылаушылар арнайы қондырғының көме­гімен бұрғылайды. Жерасты сілтілендіру әдісі арқылы уран қабаттарын ерітіп, өн­діруші мекемеге сумен жібереді.

– Студенттер мұнда келгенде топқа бө­лініп, оларға тәлімгер бекітіледі. Мұнда келген маман жұмысын бұрғылау машинисінің көмекшісі болып бастайды. Сөйтіп барып қабілет-қарымына сәйкес көтеріле береді. Біздің диплом бұрғылаушыға да жарайды. Бұл мамандықтың ашылып, оқытыла бастағанына 4 жылдың көлемі болды. «Жас маман» жобасы бойынша жеделдетілген курста бір жыл он айда оқытып шыққан мамандарымыз бүгінде осы салада еңбек етіп жүр.  Қазіргі кезде 18 маман осы мекемеде жұмыс істейді, – деді Жалғасбек Қуандық.

«Қарамұрын» учаскесінде он қондырғы бар. Жалпы «Қарамұрын» оңтүстік, сол­түстік аймағы болып екіге бөлінеді. Сол­түстікте төрт, оңтүстікте алты бұрғылау қондырғысы жұмыс істеп тұр. «Иіркөлде» сегіз агрегат бар. Бір агрегатта төрт бұр­ғылаушы, олардың көмекшісі және бір инженер еңбек етеді.

– Біздің мекемеде жалпы мыңнан аса адам жұмыс істейді. Республикадағы уран қазатын ірі компанияның бірі болғандықтан өзге облыстардан да тәжірибеден өтуге студенттер көптеп келеді. Мысалы, өзіміз­дің жергілікті жастардан бөлек, Семейден де келеді. Ауыл жастарының бұл ма­мандыққа деген қызығушылығы жыл өткен сайын артып отыр. Бұл – қуанарлық жағдай. Осы салада қызмет етіп жүргеніме он бес жылдан асты. Бұрын орыстар көп еді, қазір жергілікті мамандар. Он бес жыл бұрын біз өзге ұлттан үйренсек, қазір өзіміз үйрететіндей дәрежеге жеттік, – деді «Қарамұрын» партиясының бас инженері Тимур Қоянбаев.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, геологтар картасын сызып берген соң, геофизиктер қалай, немен бұрғылау керек екенін айтады. Жер қыртысына байланысты түрлі қоспалар дайындалады. Бұрғылау тереңдігі де әрқилы. Біз барған учаскеде сол кездің өзінде 550 метр тереңдікте бұрғыланған екен. Жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Мамандар кейде 4-5 күнде, кейде бір жетіде жұмысты аяқтап, келесі уранды өндіретін мекемеге табыстайды.

Бізді бастап келгеннің бірі – Қайсар Бекайдаров осы мекемеде партия басшысы әрі колледжде өндіріс шебері қызметін қоса атқарады. Оқу орнының басшылығы осы қызметке шақырған. Ондағы мақсат – студенттерге теориямен қоса тәжірибені қатар меңгерту.

– Шиелі индустриалды-аграрлық кол­леджі өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Соның ішінде «Волков­гео­логия» №23 геологиялық барлау экс­пе­дициясы мекемесімен келісімшарт бар. Осы мекемедегі жұмыс өтілім жиырма жыл­дан асады. Колледж студенттерінің  тео­риялық білімін іс жүзінде шыңдауға атса­лысып жүрміз. Ең бастысы, еңбек қа­уіп­сіздігі ережелерін сақтауға мән береміз және үнемі айтып отырамыз. Өйткені, қа­уіпсіздік бәрінен маңызды, – дейді ол.

Студенттер мамандардың әр сөзін ықы­ласпен тыңдап, жұмыс істеп тұрған қондырғыға қызыға қарауда. Бірінен соң бі­рі сұрақ қойып, білмекке ынталы. Нұрым Толқынбай – солардың бірі. Ол Шиелі кентінің тұрғыны. Мектепте тоғызыншы сыныпты бітіріп, колледжге оқуға түскен.

– Бұрғылау қондырғысы машинисі ма­мандығының екінші курс студентімін. Бұл біздің алғашқы практикалық сабағымыз. Бұған дейін колледжде теориясын оқыдық. Міне енді теориялық білімімізді практикамен ұштастырып жатырмыз. Бұрғылау мамандығы мен үшін өте қызық. Өйткені жерасты пайдалы қазбаларын табу, қазу, оны пайдаға жарату күрделі де қызықты жұмыс. Болашақта осы саланың мықты маманы болғым келеді, – дейді Нұрым.

Колледждің, студенттердің арқасында біз де бұрғылау ісімен, уран өндірудің әліппесімен танысып, кен орнының тыныс-тіршілігінен хабардар болып қайттық. Шаң-тозаңның арасында, күндіз-түні еңбек еткен жұмысшылардың бейнеті расында өлшеусіз. Ал осындай маман, еңбек адамдарын үйретіп, дайындап шығаратын оқу орны мен өндіріс мамандарының қызметі бағалана беруі керек. Біз осындай ой жетегімен қайтар жолға шықтық…

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

Қызылорда-Шиелі-Қызылорда