Шағын грант жұмысты ширатты

645

0

Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметі мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысу үшін баспасөз турын ұйымдастырды. Белгіленген жоспар аясында қаладағы кәсіпорындардың жұмыс барысын көріп қайттық.

Ең алдымен Дәулет Ізбасарұлының «Әділет» өндірістік-техникалық көпсалалы кәсіпорнына келдік. Мұнда «Таза сабын» атауымен күнделікті тұрмыста қолданатын сабын шығарылады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бағдарламасы аясында 4,5 млн теңге грант ұтып, цех жұмысын жолға қойған. Қарамағында 20 шақты жұмысшы бар. Жақында өңірлік инвестициялық орталықтың көмегімен 9 млн қаражатқа қол жеткізіп, «Таза ұнтақ» деген атаумен химиялық ұнтақ дайындап, кәсібін кеңейтті. Дайын өнімінің 70 пайызы өңірдің сауда орталықтарында сатылуда.

– Тәулігіне 1500 дана сабын шығарамыз. Өнімнің сапасына мән береміз. Сол үшін де өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды арнайы Бішкек қаласынан алдырамыз. Жақында жаңа цех жұмысын бастадық. Өнімдерді облыс аумағынан бөлек Астана, Ақтөбе қалаларына жібереміз. Келешекте жұмыс ауқымын одан әрі кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыра бермекпіз, – дейді кәсіпкер Дәулет Ізбасарұлы.

Химиялық ұнтақ арнайы шет елден алынған қоспалардың көмегімен дайындалады. Айтуынша ұнтақ өндірісін бастамай тұрып, оның құрамын толық зерттеген. Нәтижесінде оны барынша ұзақ қолданатындай етіп өндіруде. Алдағы уақытта химиялық өнімдердің түр-түрін шығаруға ниет еткен кәсіпкер өндіріс аясын кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейтуді жоспарлап отыр. Егер сабын, ұнтақ өндірісімен айналысуға ықыласты адамдар болса, өз тәжірибесі бөлісуге дайын екенін жеткізді. Бастысы аталған өнімдер тұтынушылардың көңілінен шықса болды.

Одан әрі кейінгі үлгідегі техникалық аппараттың көмегімен жұмыс істейтін «МТР» көлік жуу орталығына бардық. Мұндай құрылғы өңірде тек біреу ғана дегесін жаңа үлгідегі техниканы көруге қызықтық. Дегендей-ақ, көлік моторын бу арқылы тазалайтын құрылғы екен. Бүгінде қаладағы жалғыз түйір аппараттың қызметіне жүгінетіндер қатары артқан. Кәсіпкердің айтуынша, көліктің моторын тазалау құны 3000 теңгеден басталып, көлеміне қарай, бағасы да қымбаттай береді. Қазір екі адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың бірі – жарнамалаушы, екіншісі – техника арқылы көліктерге қызмет көрсететін маман.

– Былтыр кәсіпкерлікті қолдауға арналған инновациялық бағдарламаға қатысу үшін бизнес-жоспар дайындадық. Нәтижесінде 3 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, соңғы үлгідегі көлік моторын тазалайтын аппаратты Италиядан алдырдық. Техникалық құрылғымен жұмыс істейтін маманды арнайы оқытып, күнделікті 10-15 тұтынушыға қызмет көрсетеміз, – деді «МТР» көлік жуу орталығының өкілі Әмірәлі Сәдуақас.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл қызметке жүгінетіндер саны артса, аталған техниканың басқа да түрлерін алдырып, бірнеше адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<