Жұмыстың оңайы жоқ. Әр саланың өз қиындығы бар. Сондай мамандықтың бірі – тау-кен саласы. Кенші болуды бала күнінен армандаған талай жас бүгінде жер астында еңбек етуде. Солардың бірі – Жасұлан Зареров. Ол Жаңақорған ауданының тумасы. Мектепті бітіргеннен кейін Кентау қаласындағы колледжден тау-кен ісі мамандығын меңгерді.
2017 жылы «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ мекемесіне жұмысқа қабылданды. Қазір кен орнында тас таситын көлікті тізгіндейді.
– Кен орнына жұмысқа тұру үшін түйіндеме қалдырдым. Кейін хабарласып, шақырды. Алғашында оңай болған жоқ. Біраз қиналғаным да рас. Алайда жанымдағы әріптестерім қолдау білдіріп, білгендерін үйретті. Осы техниканы жүргізген маман бағыт-бағдар беріп, қыр-сырын үйретіп, шыңдады.
Бірақ қорқыныш сезімі болмады. Мен борышымды десанттық әскер қатарында өтедім. Талай рет парашютпен секірдім. Нақты айтар болсам, вертолеттен 10, ұшақтан 2 рет секірген болатынмын. Сондықтан биік пен тереңнен қорықпаймын. Мұнда келген кезде осы 30 тонналық техникаға отырдым. Ол шахтадан тас тасымалдайды. Қанша тереңдіктен қазылып жатыр, сол аумаққа түсеміз. «САТ» деген техника бар. Ол тасты машинаға тиеп береді. Тиелген тасты жердің үстіне шығарамыз. Мәселен, күніне 10-12 рейс жасаймын. Бұл техникаға байланысты. Егер бұзылса одан аз болуы мүмкін. Жұмыс вахталық әдіспен, он бес күн істеп, он бес күн демаламын. Келесі жұмысқа түскенде түнгі ауысымға шығамын. Жолдың бәрі қараңғы, машинаның жарығына қарап отырамыз. Шахтаның 100 метр тереңдігінде техника мен құрал-жабдықтарды жөндейтін орын бар. Егер баллон ауыстыру керек болса, сол жерде барлық техникалық қызмет көрсетіледі. Темірі сынса, токарьлар жонып, қайта қалыпқа келтіріп береді, – дейді ол.
Жасұлан өзінің ісін мақтан етеді. Шаруасына ұқыпты, жауапкершілікті сезінеді. Себебі жер астында қатаң қауіпсіздік шарасын сақтамаса болмайды. Ол бүгінде тәжірибелі маман. Өзінен кейін келген жастарды баулып, шеберлігін шыңдауда.
– Жұмысым өзіме ұнайды. Бұл – әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Қаншама адам еңбек етеді. Жұмыс күнделікті қайнап жатады. Техниканың гүрілдеген даусы, тасты жару біз үшін қалыпты жағдайға айналған. Жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Күнделікті медициналық тексеруден өтеміз. Жұмыс формасы, ыстық тамақ, жатын орын, бәрі де қарастырылған. Келешекте шахтаның өзге де аумағында жұмыс істеп көргім келеді, – дейді ол.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





