Шайдоров пен Самоделкина елге оралды. Спортшыларға пәтер берілді

9

0

Сурет: sportplustv.kz

Елорда әуежайында Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен қазақстандық мәнерлеп сырғанушы Софья Самоделкинаны салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Спортшыларды қарсы алу үшін әуежайға жүздеген жанкүйер жиналды. Ұшақ қонардан шамамен бір сағат бұрын терминал экранынан Михаил Шайдоровтың Олимпиададағы жарқын сәттері көрсетілді. Қолдарына плакат ұстаған жанкүйерлер спортшының есімін хормен айтып, жылы лебіздерін білдірді. Олардың арасында панда кейпіндегі жанкүйер де болды.

Салтанатты жиын барысында спортшыларға пәтер кілттері табысталды. Михаил Шайдоровқа  Мәнерлеп сырғанау одағының атынан үш бөлмелі пәтердің сертификаты берілсе, Софья Самоделкинаға бір бөлмелі пәтердің сертификаты тапсырылды. Пәтерлер спортшылардың бапкерлеріне де берілді.

«Мені қолдап жүрген барша жанға осындай керемет сыйлықтар үшін үлкен рақмет. Қолдауларыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Бұл – мен үшін алға қарай өсіп, еліміздің атын одан әрі асқақтатуға көмектесер зор мотивация. Баршаңызға рақмет!» – деді Шайдоров.

Айта кетейік, бұған дейін Ulytau Group компаниясы Олимпиада чемпионына Астанадан үш бөлмелі пәтер сыйлаған еді.  Сондай-ақ «Алтыналмас» компаниясы да Шайдоровқа Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер беретіндерін мәлімдеді.

Еске салайық, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 2026 жылы Италияда өткен Олимпиадада сенсациялық түрде алтын медаль жеңіп алған еді. Бұл – еліміздің мәнерлеп сырғанау тарихындағы алғашқы алтын медалі және Қазақстанның қысқы Олимпиада ойындарындағы екінші алтын жүлдесі. Ал Софья Самоделкина 207.46 ұпай жинап, жалпы есепте 10-орын алды.