Наурыз мерекесі – тек көктемнің келуі мен жаңа жылдың басталуын білдіретін мейрам ғана емес, ол ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтатын ерекше кезең. Кейінгі жылдары елімізде ұлттық мерекені жаңаша мазмұнда атап өту мақсатында «Наурызнама» тұжырымдамасы қабылданып, мереке он күн бойы түрлі тақырыптар аясында тойлануда. Соның ішінде «Шаңырақ» күнінің маңызы мен мәні зор.
Бұл – отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және қоғамдағы ынтымақ пен татулықты арттыруға арналған ерекше күн. Қазақ дүниетанымында шаңырақ – тек киіз үйдің жоғарғы бөлігі ғана емес, ол отбасының, әулеттің, берекенің және бірліктің символы. Сондықтан бұл күнде әр отбасының татулығы мен берекесі қоғам тұрақтылығының негізі екені ерекше айтылады.
Отбасы берік болса қоғам да тұрақты, мемлекет те мықты болады. Осы ретте көпшілікке үлгі ретінде Әбсадықовтар әулетін айтпақпыз. Олар былтырғы өткен «Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңінің жеңімпазы атанды. Отағасы Жақсылық Әбсадықов ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ардагер. Бүгінде мәуелі бәйтерекке айналған отбасында 6 баладан 29 немере мен 47 шөбере өрбіп, үлкен әулетке айналып отыр. Бұл отбасы ұрпақтар сабақтастығын, еңбектің қадірін және отбасылық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан өнегелі әулет. Олардың адал еңбегі мен бірлігі, шаңырағының беріктігі мен керегесінің кеңдігі өзгелерге үлгі.
– Қазақ үшін шаңырақ – қасиетті ұғым. Шаңырақ дегеніміз – отбасының бірлігі, ұрпақтың жалғасы, әулеттің тұтастығы. Өмірдің талай белесін артта қалдырған шақта бір түсінгенім – шаңырақтың беріктігі байлықпен емес, адамдардың бір-біріне деген құрметімен, сыйластығымен өлшенеді екен. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, бір-бірімізге сүйеніш болу – шаңырақтың биіктетіп, уығын бекітетін қасиеттер. Егер отбасы мүшелері бір-біріне жанашыр болып, қиындықта қолдау көрсетсе, ондай шаңырақ ешқашан шайқалмайды. Мен әрдайым балаларыма да, немерелеріме де «шаңырақты биік ұстаңдар» деп айтып отырамын. Өйткені оның беріктігі – әулеттің абыройы. Бірлік бар жерде береке болады, – дейді Жақсылық ақсақал.
Жалпы «Наурызнама» тұжырымдамасындағы бұл күннің тағы бір мәні – ұрпақтар арасындағы байланысты күшейту. Шаңырақ күні – отбасы институтының маңыздылығын көрсететін, ұлттық бірлік пен рухани құндылықтарды дәріптейтін ерекше күн. Әр шаңырақта татулық пен сыйластық орнаған жерде елдің де іргесі берік болары сөзсіз. Сондықтан бұл күн – барша жұртты бірлікке, мейірімге және отбасылық құндылықтарды қадірлеуге үндейтін тағылымды мереке.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





