Аудандық Руханият орталығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы аясындағы 17 наурыз – «Шаңырақ күніне» орай мерекелік шара өтті.
Отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған шарада аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты Шаңырақ күнімен құттықтады.
Мерекелік кездесудің басты кейіпкерлері – жарты ғасыр бойы тату-тәтті өмір сүріп, өнегелі ғұмыр кешкен алтын той иелері Бекжановтар, Әбішовтер және Байсыновтар отбасы болды. Отбасы құндылықтарын сақтап, ұрпақ тәрбиесіне үлгі болып жүрген мерейтой иелеріне аудан әкімінің мерекелік Құттықтауы табысталды.
Сонымен қатар шара барысында тағы бір тағылымды сәт – жас жұбайлардың неке қию рәсімі өтті. Қазақы дәстүр мен заманауи рәсім үйлесім тапқан салтанатта жас жұбайларға ресми түрде неке куәлігі табысталды.
Батыр ана Сәрсенкүл апамыз мен 55 жыл бірге өмір сүрген мерейтой иесі, спорт саласының ардагері Сұлтан Бекжанұлы жастарға ізгі тілектерін айтып, ақ баталарын берді.
Тағылымға толы бұл мерекелік шара – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған тағылымды кездесу болды.
Жалағаш ауданы әкімдігі






