16 наурыз Наурызнама онкүндігінің «Шаңырақ күні». Айтулы мерекеге орай «Руханият» орталығында орналасқан «Неке сарайында» салтанатты іс-шара өткізілді. Мерекелік шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов және мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов қатысты.
Шара барысында қонақтар отау құрғандарына 50 жыл толған «Алтын той» иелері Әзімжановтар отбасы мен «Маржан той» иелері Татановтар отбасының куәлік жаңартуы және жас жұбайлар Айтбайұлы Дінислам мен Бегманова Ақнұрдың неке қию рәсімдеріне куә болды. Сонымен қатар, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Есекеевтер отбасы құрмет төрінен орын алды.
Аудан басшысы сырдариялықтарды «Шаңырақ күнімен» құттықтап, отбасы құндылықтарын арттыру мен ұлттық дәстүрлерді жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
– Баршаңызды «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі аясында атап өтілетін Шаңырақ күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақ – қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Ол – отбасының, елдің тұтастығы мен татулығының символы. Әрбір отбасы – үлкен мемлекеттің бір бөлшегі, ал елдің мықтылығы әр шаңырақтағы береке мен бірлікке байланысты. Сондықтан бұл күн – ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін, отбасы құндылықтарын нығайтатын ерекше мереке. Осы айтулы күні әр шаңырақта құт-береке, ырыс пен ынтымақ орнап, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын таба берсін! Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы арта берсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Берекесі мен мерейі асқан Есекеевтер, Әзімжановтар, Татановтар және Айтбаевтар отбасына «Шаңырақ күніне» орай аудан әкімінің мерекелік Құттықтауы мен сыйлықтар табысталды.
Шара соңында аудан өнерпаздары жиналған жұртшылыққа әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<