Кез келген ана үшін сәбиін аман-есен бауырына басқаннан артық бақыт жоқ. Бірақ кейінгі кезде шала туған нәрестелердің көбеюі, денсаулығында туабітті ақауы бар балалардың жиі кездесуі алаңдатпай қоймайтыны рас. Ал оларға өмірге келген алғашқы сәттен бастап күтім жасап қарау – перзентханадағы неонатолог мамандар міндеті.
Облыстық перинаталдық орталығының неонатолог-дәрігері Жанна Қалдыбаева өзінің 30 жылдан астам еңбек жолында шала, туабітті ақаумен дүниеге келген нәрестелердің өмірі үшін күресіп келеді. Ол еңбек ете жүріп, мамандығын жете меңгеру, білімін көтеріп, біліктілігін арттыру мақсатында ізденуден жалыққан емес. Шала туған нәрестелер мен туабітті ауруға шалдыққан шақалақтар өміріне араша түсуде әлемдік тәжірибелерді түйіп, озық жаңалықтарды қалт жібермей, меңгеруге тырысып жүреді. Осы мақсатта 2012 жылы Литва мемлекетінің Каунас қаласында «Алғашқы реанимациялық көмек көрсету» тақырыбында оқу курсынан өтсе, 2018 жылы Астана қаласында 136 мемлекеттің неонатологтары бас қосқан форумға қатысып, біліктілігін көтерді. Сол жылы Кореяның Сеул қаласындағы «Северанс» клиникасында болып, нәрестелерге экстремальді көмек көрсетудің қыр-сырына қанықса, 2019 жылы Мәскеу қаласындағы Сперанский атындағы балалар орталығында шұғыл жағдайда балаларға көмек көрсету бойынша оқу курсынан өтті.
Одан бөлек, Жанна Сраждинқызы Австрияның Вена медициналық университеті мен көпсалалы ауруханасындағы неонатальды бөлімшесінде болып, «Шала туған нәрестелер реанимациясы. Вена концепциясы» тақырыбындағы конференцияда ағылшын тілінде презентация жасады.
– Қаншама елге шығып, тәжірибе жинақтап жүрмін. Сонда байқағаным, біздің мамандарымыз ешкімнен кем емес. Сол сияқты ол елдердегі түрлі заманауи аппараттар да бізде бар. Мәселен, Кореяны алсақ, шала туған нәрестелерге ол жақта қандай көмек көрсетіледі, қандай күтім жасалады, қазіргі кезде біздің мамандар да сол әдіс-тәсілдерді қолданып жатыр. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарымыз да жеткілікті, – дейді ол.
Пандемия, басқа да себептермен кейінгі үш-төрт жылда шетелге шықпағанымен, Жанна Сраждинқызы облыс көлемінде курстарға қатысып, білімін жетілдіріп, біліктілігін көтеруден қол үзген емес.
Жоғары санатты дәрігер кәсіби білігінің, білімінің нәтижесінде бірнеше мәрте Денсаулық сақтау министрлігінің, басқарманың марапаттарына ие болды. Ол өзінің дәрігерлік мол тәжірибесінде түрлі қызмет сатысынан өтті. Алайда неонатолог маманның басты міндеті – дүниеге келген әр баланың отбасына аман-есен оралуына қызмет ету. Сол үшін аянбай еңбек ете бермек.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»






