Жаңақорған ауданында кәсіпкер саны көбейіп келеді. Мемлекеттен қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие алып, ісін бастағандар табысқа кенелуде. Ауданда биыл шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 6435-ке жеткен. Оның 398-і заңды тұлға, 1962-сі шаруа қожалығы, 4075-і жеке кәсіпкер. Белсенді жұмыс істеп тұрғаны 6230 болса, көрсеткіші 96,8 пайыз. Нәтижесінде 8409 адам жұмыспен қамтылып, 95961 млн теңгенің өнімі өндірілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерліктің сандық және сапалық даму деңгейі әлдеқайда жоғары.
Мұнда 596 сауда мен қызмет объектісі тіркелген. Олардың қатарында 11 сауда үйі, 380 азық-түлік және азық-түлік емес сауда дүкені, 146 тұрмыстық қызмет көрсету және 59 қоғамдық тамақтану орны бар. Бөлшек сауда айналымы 8213,8 млн теңге болса, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда индекс өсімі 100,1 пайыз.
Кәсіпкерлік саласын дамытуда жүйелі жұмыс жалғасуда. Мәселен, «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында іске асырылатын жаңа жобаларды қолдау, жұмыс орнын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, салықтық базаны көбейту, кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын дамыту жұмысы атқарылуда. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 171 жоба грант жеңіп алды. Сондай-ақ пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы құны 575,3 млн теңге болатын 7 жоба қаржыландырылды.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы арқылы 79, Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 14 және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» ӘКК АҚ арқылы 36 жоба несие алды.
Ауданда жыл басынан бері барлық қаржы көзінен 136 жоба 2475,3 млн теңгенің несиесін, 171 жоба 268,9 миллион теңгенің мемлекеттік грантын жеңіп алды.
Кәсіп бастап, ісін дамытуды қолға алған Сәбит Камалов мемлекеттік қолдаудың игілігін көруге ниетті. Ол жылқы шаруашылығымен айналысады. Төрт түліктің бабын тауып, өнімін жергілікті тұрғындарға өткізеді. Сонымен қоса бөдене бизнесін дамытуда. Іскер азамат шаруасы жайында кеңінен әңгімелеп берген болатын.
– Біздің ауыл егін егіп, мал бағады. Негізгі астық – күріш. Бала күнімізден атакәсіпке ден қойып, еңбекке ерте араластық. Ірі шаруа қожалықтарында еңбек еттік. Әлі де бел жазбай келеміз. Одан жаман болған жоқпыз.
Ал жылқы бағудың өзіндік себебі бар. Осыдан үш жыл бұрын денсаулығым сыр беріп, емін медицинадан таппай, биенің сүтінен жазылдым. Содан жылқы санын көбейтіп, қымыз ашыта бастадым. Ондағы ойым дерті бар жандарға өзім секілді пайдасы тисе деген ниет ғой. Қымыздың адам денсаулығы үшін пайдасы көп екені белгілі. Бір жағынан табиғи сусын, емдік қасиетке ие әрі құрамы дәруменге бай, – дейді ол.
Қазір Сәбит күнделікті үш бие сауып отыр. Шаруасына жолдасы қолғабыс етеді. Қымыз дайындау да оңай шаруа емесін, оны ашытудың да тәсілі ерекше екенін айтқан ол кейінгі кездері ұлттық сусынға сұраныс барын жеткізді.
– Биені жазда күніне 6-7 рет сауамыз. Саумалдың екі-үш күндігін жинап аламыз. Жиналған саумалға ашытқы қосып, бөлек күбіде сақтаймыз. Одан әрі күбіге қаймақ жағып, тобылғымен ысытып, пісеміз. Бапталған, ерекше әдіспен дайындалған қымыздың дәмі тұщы болады. Дайын болған қымызды арнайы құтыға құйып, саудаға шығарамыз. Негізінен тұрақты тұтынушылар бар. Кейде үйден де әкетеді, – дейді ол.
Шаруаның айтуынша, қазір мал бағу қиындап кеткен. Оның бірнеше себебін атады. Алдымен жайылымдық жердің тапшылығы өзекті болып тұрғанын жеткізді. Бұрын ауыл маңында бос жер болса, бүгінде көпшілігі шаруашылықтарға тиесілі. Одан қалса, жем-шөптің бағасы да қымбат. Сондықтан шаруалардың көбі төрт түлігін қорада ұстауға мәжбүр. Осындай қиындықтарға қарамастан, Сәбит жылқының бабын келтіріп отыр. Алдағы уақытта да кәсібінен қол үзбек емес.
Бөдене бизнесін бастағанына біршама уақыт болған. Қазір 200-ден аса бөденесі бар. Жұдырықтай құстың күтімі де ерекше. Еті мен жұмыртқасы пайдалы болғандықтан, тапсырыс беруші көп екен. Алғашында қызығушылықпен айналысқан ісі қазір әжептәуір табыс көзіне айналған. Бөдененің бабы жұмыртқадан басталатынын айтқан ол кәсібінің қыр-сырымен бөлісті.
– Еңбек етемін дегенге қашанда екі қолға бір күрек табылады. Бөдене кішкентай құс, аса нәзік. Бұл істі қызығушылықтан бастадым. Жұмыртқасын Шымкент қаласынан, инкубаторды Қызылордадан алдырдым. Балапан бір ай өткен соң жұмыртқа бере бастайды. Бұл тез жетілетін құс. Бір жылға жуықтағанда ет бағытында пайдаланамыз. Бір ерекшелігі, құс тұмауымен ауырмайды. Сондай-ақ паразиттер жоламайды. Себебі дене температурасы 40 градустан жоғары. Бөдененің арнайы жемі бар. Құрамы түрлі қоспадан тұрады. Оны Тараздан алдырамын. Күннің көзін ұнатпайды. Көлеңкеде, ауа температурасы тұрақты жерде өсіріледі. Жел, жауын-шашынға төзбейді. Сондықтан барынша бабын тауып, 3-4 жылдан бері кәсіп етіп келемін. Құстың жұмыртқасы мен етіне сұраныс жоғары. Байқайсыз ба, тамақтанатын орындарда бөдене сорпасына тапсырыс беретіндер көп. Бағасы да әжептәуір. Өйткені емдік қасиеті ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Жұмыртқасын да тағам мен салаттарға пайдаланады. Бұл кәсіпті келешекте кеңейту ойда бар, – дейді ол.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





