Ата-бабадан қалған көнекөз асыл мұра – ұлттық қолөнерге деген ықылас сонау ғасырлардан бері өзектілігін еш жойған емес. Ұлы Жібек жолын бойлай өтіп, айшылық алыс елдерді көшпенділер мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстырып, қазақты әлем жұртына паш еткен осы қолөнер туындылары десек, артық айтпаған болар едік. Алайда, заман ағымының үздіксіз дамуына байланысты қолөнеріміз ұмытылып бара жатқаны шындық. Осыған орай, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейде «Шебердің қолы ортақ» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.
Қала мектептері арасында ұйымдастырылған бұл көрменің мақсаты – мектеп мұғалімдері мен оқушыларының қолынан шыққан ұлттық бұйымдарды халыққа таныстырып, кеңінен насихаттау.
Шара барысында аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы Жанна Саянқызы, қалалық білім бөлімінің маманы Сұлушаш Алмасбекқызы, №101 мектеп-лицейі директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлжахан Ізбасарова қатысушыларға сәттілік тіледі. Мектеп оқушылары әсем ән шырқап, ұлттық биімізді мың бұрала биледі. Аталған көрмеге 21 қалалық мектеп, мектеп-лицей, мектеп-гимназияның туындылары қойылды.
Көрме қорытындысы бойынша, 1-орынды №217 мектеп, 2-орынды №2 «Мұрагер» және №101 мектеп-лицейлері алды. Үшінші орын №№12, 140, 120 мектеп шеберлеріне бұйырды. Олар аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының арнайы дипломымен және бағалы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Мамыр айында бұл көрме облыстық деңгейде жалғасын табатын болады.
Айгерім ҚАНЖАРБАЕВА.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<