Шегірткемен күрес  күн тәртібінде

220

0

Қызылордада ерекше қауіпті шегірткелер мен карантиндік объектілерге қарсы жүргізілетін фитосанитариялық іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері, химиялық өңдеу жұмысымен айналысатын техникалардың дайындығы жөнінде семинар кеңес-өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов қатысты.

АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Мұхтар Оразбаев өңірде таралған карантиндік зиянкестен калифорниялық қалқанша сымыры мен қауын шыбыны, ал карантиндік арамшөптен кекіре мен сарышырмауық кең таралғанын атап өтті. Зерттеу нәтижесіне сәйкес биыл жатаған у кекіреге қарсы 97,5 гектар, қауын шыбынына қарсы 1750 гектар, калифорниялық қалқанша сымырына қарсы 34,5 гектар, арамсояуға қарсы 427,87 гектар жер өңделмек.

– Ерекше қауіпті шегірткеге қарсы 60 024 гектар (оның ішінде италиялық прусқа қарсы 24 702 гектар, азиялық шегірткеге қарсы 35 322 гектар), саяқ шегірткеге қарсы 55 394 гектар жер өңделеді. «Авиакомпания «Дельта-Юг» ЖШС, «Бағжан» жеке кәсіпкерлігі мердігер болып анықталды. Биыл ше­гіртке зиянкесіне қарсы фито­сани­тариялық күрес жұмысына 4 арнайы жер агрегаты, 2 жеңіл ұшақ, 1 ұшақ және 3 дрон қатыстырылады, – деді Мұхтар Оразбаев.

Биыл фитосанитариялық іс-шара­ларды жүргізу жөніндегі іс-қи­мылды бірлесе атқару мақсатында Түр­кіс­тан, Ақтөбе және Ұлытау облыс­тарымен ынтымақтастық жөнін­дегі келісімшарттар жасалды. Жауапты іске ауылдық округтерден техникалар, зерттеушілер мен жауапты мамандар бекітілді. Үйірлі шегірткеге қарсы қүрес шараларына 320-дан астам адам қатысады. Оның ішінде жер­гілікті бюджет қаражаты есебінен маусымдық жұмысқа 230 зерттеуші маман тартылады. Күнтізбелік жұмыс жоспарына сәйкес болжам әдістемелік орталығы шегіртке дернәсілдеріне көк­темгі-жазғы мониторинг жасап жатыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл 55349 гектар жерге (2024 жылмен салыстырғанда 11 673 гектарға артық) саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмысын жүргізу мақсатында жергілікті бюджеттен 487,5 млн теңге қаржы қаралды.

– Республикалық фитосанитария­лық диагностика және болжамдар әдіс­темелік орталығы облыстық фи­лиа­лының хабарламасы бойынша 25 сәуірден бері барлық аудан (қала) аумағында саяқ шегіртке дер­нә­сілдерінің жер бетіне бір-екеуден шыға бастағаны анықталды. Зиянкестерді жоюға ел аумағында пайдалануға рұқсат етілген препараттар қолданылады. Қазіргі күні облысқа барлығы 5 арнайы жер агрегаты жеткізілді. Қалған 7 жерүсті және 3 әуе ұшағы 16 мамырға дейін әкелінеді. Шегіртке жер бетіне жаппай шыға бастаған жағдайда бір күнде жерүсті агрегаты арқылы 130 гектар, әуе арқылы 1500 гектар жер өңделеді, – деді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.

Облыс әкімінің орынбасары жауап­ты сала басшыларына зиян­кес­терге қарсы фитосанитариялық іс-шара­лардың уақытылы, сапалы және дұрыс жүргізілуін тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»