Шет тілді білген қазақ жастары ұтады – қызылордалық полиглот

421

0

Шет тілді білген қазақ жастары ұтады - қызылордалық полиглот Қызылорда облысындағы Қазалы ауданының тұрғыны Жеткерген Жаншораев жеті тіл біледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жеткерген студент шағынан өнер-білім додаларына қатысып, жүлдегер атанып жүр. 2013 жылы Қызылорда облыстық «Тіл дарын» олипиадасында екінші орын алса, Ақтөбе қаласында өткізілген «Тіл шебері-2014» атты үш тілді меңгерген жастар арасындағы республикалық байқаудың бас жүлдесіне қол жеткізген.
Қазалыдағы №249 мектеп-лицейде жұмыс істеген жас жігіт қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет атқарады.
«Ана тілімнен бөлек ағылшын, орыс, түрік, неміс тілдерін жетік білемін. Қазір испан жəне италия тілдерін үйреніп қалдым. Тілдерді меңгергенімнің арқасында жетістіктерге жетіп келемін. Тіл білгеннен қазақ жастары ұтылмайды. Елдің де, өзінің де пайдасына жарайды. Мәселен, ағылшын тілі – ғылым мен техниканың, компьютердің негізгі тілі. Оны үйренбей заманауи озық білімді ала алмайсыз. Тек жалқауланбай тіл үйрене беру керек. Бос уақыт көп. Соны тиімді пайдаланып, сөздік жаттап, ережелеріне зер салып отырса, күн сайын бір белесті бағындырып отыруға болады», – дейді Жеткерген Махмудұлы.
Полиглот жігіттің жоспары көп. Шетел аралап, білімі мен тəжірибесін молайту ойында бар. Білгенін ықыласты жандарға үйреткісі де келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<