Шетелден 25 мың асыл тұқымды ешкі әкелінеді

411

0

Фото: inbusiness.kz

Бұл байламның дұрыстығын қазақстандық және шетелдік ғалымдар дәлелдеген.

Біріншіден, өзге малдарға қарағанда, Сексек атаның түлегі тез көбейеді. Жыл сайын екі лақтан бере алатын өте өсімтал.

Екіншіден, мамандардың айтуынша, ешкi сүтi табиғи дәрумендерге бай, емдiк қасиетi мол.

Үшіншіден, шетелде, соның ішінде ауқатты дамыған елдерде ешкі сүтіне сұраныс мол, әрі қымбатырақ бағаланады. Олай болса, перспективті экспорттық өнім.

Медицина мамандары айтып жүргендей, құрамында бета-казеин мол болуына байланысты ешкі сүті ана сүтiне жақын көрінеді. Сондықтан шетелде ешкі сүтінен сәбилерге арналған сүт қоспасы әзірленеді. Косметикада да кең қолданылады.

Оның сүті асқазан ауруларында, анемияда, көздің нашар көруінде, диатезде пайдалы деген дерек айтылады. Швейцарияның таулы аймақтарындағы емдеу-сауықтыру орындарында туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққандарды ешкі сүтімен емдеу қолға алынған.

Төртіншіден, ешкінің жүні, түбіті тоқыма өнеркәсібінде кең қолданылады. Бесіншіден, ешкінің еті кейбір елдерде тіпті «деликатес» саналады.

Жалпы, ешкінің бір қасиеті – ол басқа төрт түлікті қынадай қыра алатын індеттермен, бруцеллезбен, басқасымен көп ауырмайды.

Канадалық ғалымдар анықтағандай, ешкі сүті тері мен буын ауруына шалдыққан адамдардың денсаулығына жақсы әсер етеді, кей жағдайда өт-тас ауруларын емдеуде, фибромиома мен балалар эпилепсиясын емдеуге пайдаланылуы мүмкін.

Ешкі сүті денеде холестериннің жиналуына қарсы тұратын ерекше метаболизмдік қасиетке ие және ағзаның қорғаныш қызметін күшейтетін, қанықпаған майлы қышқылдардың 67%-ы бар. Адамның өміріне аса қажет кальций, магний, фосфор, марганец, мыс және басқасының қоры жинақталған.

Осы орайда Қазақстанның алдын тағы да Өзбекстан орады. Сауданың қыр-сырын меңгерген, жаһандық «қара базарда» нақты қандай өнім мейлінше сұранысқа ие екенін, қайсысы барынша мол табыс әкелетінін білетін өзбек ағайындар ешкі өсіруге кейінгі онжылдықта қатты ден қойды.

Салыстырсақ, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 2 262 560 ешкі ғана қалды және оның саны жыл сайын қарқынды құлдырап барады. Мысалы, 2023 жылы елімізде 2 594 126 мың ешкі болған. Яғни, бір ғана жыл ішінде ешкі саны 331,5 мыңға азайып кетті.

Бірақ ешкілердің кему саны бұдан да көп болуы мүмкін. Статистикада қосып жазу көлемі алапат ауқым алды. Апта басында, 1 шілдеде Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығындағы статистикалық мәліметтерді жаңарту жұмыстарын аяқтады. Сонда елде бар деп малданып жүрген ешкі санының шынында 20 пайызы қағаз жүзінде ғана болғаны әшкереленді.

«2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының саны бағытындағы әр шаруашылық бойынша электрондық есепке алу деректерін өзектендіру нәтижесінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қоса алғанда, ірі қара мал басы шамамен 2 млн басқа, сүт өндірісі 3 млн тоннаға, қой саны – 14%-ға, ешкі – 20%-ға, шошқа – 34%-ға, үй құсы – 22%-ға, тірі салмақтағы ет өндірісі – 15%-ға, тауық жұмыртқасы – 10%-ға қысқарды», – деп хабарлады министрлік.

Көрші Өзбекстанның Статагенттігінің мәліметінше, бұл елде ешкі саны 24 миллионнан асқан.

Өзбек ағайын мұнымен шектелмек емес. Оңтүстік көрші ешкілерін асылдандыруға білек сыбана кірісті.

Таяуда, Астанадағы саммитке аттанардың алдында Президент Шавкат Мирзиёевтің өзі арнайы кеңес өткізіп, мал шаруашылығы салаларын дамыту туралы ұсыныстармен танысты.

«Ет, сүт, жұмыртқа және оларды қайта өңдеуден алынатын өнімдер халқымыздың күн сайынғы ас мәзірінде, рационында елеулі орын алады. Осыған байланысты мемлекет ешкі шаруашылығын, қой шаруашылығын, құс шаруашылығын дамыту, сондай-ақ азық-түлік инфляциясын ары қарай төмендету бағытында шаралар қабылдауда. Бұған қоса, дәл осы салалар халықты еңбекпен қамту және әл-ауқаты мен табысын арттыру үшін зор мүмкіндіктер береді», – деп мәлім етті Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметі.

Мысалы, тек биыл ғана шетелдік инвесторлар Өзбекстанда мал шаруашылығын дамытуға 420 миллион доллар шетелдік инвестиция салып жатыр.

Президент Шавкат Мирзиёев соның алдында Наманган облысына сапары барысында елде ешкі шаруашылығын серпінді дамыту міндетін қойған болатын. Осыған орай Түркиядан және басқа елдерден асыл тұқымды ешкі лек-лекпен әкелініп жатыр.

Соның негізінде Өзбекстанда «асыл тұқымды ешкі кластері» құрылды.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, Президент Мирзиёев енді Моңғолияның үздік үлгісін игеру керектігін нықтады. Оның негізінде Қарақалпақстан республикасына, сонымен қатар Бұқара, Жизақ, Наманган және Ташкент облыстарына әлемнің өзге елдерінен таңдаулы, асыл тұқымды ешкі сатып алынады.

Президент аталған 5 өңірдің әрқайсысына Сексек ата түлегінің асыл тұқымды 5 мың төлін импорттауды тапсырды. Сонда тек биылдың өзінде 25 мың ешкі әкелінеді.

Солар арқылы Өзбекстан тексіз емес, асыл тұқымды ешкі өсіруге түпкілікті бет бұрмақ.

Мемлекет басшысының байламынша, бұл алдағы екі жылда асыл тұқымды ешкілердің санын 100 мыңнан асыруға мүмкіндік береді.

Ол ешкі шаруашылығындағы асылдандыру жұмыстарын ғылыми негізде жетілдіру, ешкі түбітінен жасалатын твид (мата түрі) пен кашемир өндірісін және экспортын өрістету бойынша нұсқаулар берді.

Жалпы, көрші өзбектерде ауыл шаруашылығын ілгерілететін реформаларды талдаумен арнайы Жобалық офис айналыса бастады.

Осы мақсатта Шавкат Мирзиёев ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіндегі реформаларды ынталандыру туралы қаулыға қол қойды. Оның аясында 2024 жыл ішінде елдің үш өңірінде экспортқа шығарылатын жеміс-жидек пен көкөністердің, басқа да азық-түлік тауарларының сапасын талдаумен шұғылданатын, әлемдік жоғары стандарттарға сай жабдықталған заманауи лабораториялар ашылады.

Олар елдің әр бөлігінде – Ташкент, Самарқанд және Ферғана облыстарында орналасады. Осы арқылы көршіміз әлемде онсыз да жақсы бағаланатын «Өзбекстанда жасалған» брендін кемеліне келтіре түседі.

Құжат бойынша Ауыл шаруашылығы және азық-түлік саласы жобаларының орталығы құрылды. Ол ай сайынғы негізде, тұрақты түрде осы салаларда қолға алынған реформалардың барысы туралы егжей-тегжейлі мәліметтер жинап, Президент әкімшілігіне беріп отырады. Туындаған кедергілерді анықтап, оларды жою жолдарын көрсетеді, шешімдер түзеді.

Тағы бір тамсандыратын жайт сол, Өзбекстан ауыл шаруашылығы үшін білікті мамандарын даярлауға да басымдық берді. Осы мақсатта жаңа 2024-2025 оқу жылында елдің ауыл шаруашылығы жоғарғы оқу орындарында білімді бағалау, оқытушылардың біліктілігін арттыру жүйесі жаңғыртылады. Шетелдік серіктестермен бірігіп, ғылыми қызмет күшейтіледі.

Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің бағдарламасы халықаралық аккредитациядан өтуде. Соның нәтижесінде, өзбекстандық диплом дамыған елдерде де танылуы мүмкін. Салыстырсақ, бірде бір қазақстандық ЖОО-ның жергілікті дипломы дамыған елдерде мойындалмайды.

Елең еткізерлік тағы бір дерек жария болды. Мысалға, Ұлттық статбюро дерегінше, 2024 жылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда небәрі 1 млрд 836,8 млн бірлік құс жұмыртқасы өндіріліпті. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 8,5 миллиард жұмыртқаны құрайды. Оңтүстік көрші 10 миллиард межесін бағындыруды жоспарлауда.

ӨР Президенті әкімшілігінің дерегінше, бұған қол жеткізу үшін салада генетикаға баса көңіл бөлініп жатыр. Қазақстандағы сияқты, Өзбекстанда да бірінші деңгейдегі етті құстардың репродукторы жоқ екен, ондай құстардың шіби-балапандары шетелден тасылады. Бұл ретте үй құсының генетикасы бойынша шешімдердің жаһандық нарығының 80%-ы – америкалық компанияларға тиесілі. Сол себепті Өзбекстан АҚШ-пен бірге өзбек құс шаруашылығына озық генетикалық технологияларды ендіру және асыл тұқымды құс шаруашылығын құру бойынша келіссөздерге кіріспек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<