Шиелі ауданында бірқатар әлеуметтік нысан құрылысы жүріп жатыр

293

0

Қызылорда облысы Шиелі ауданында мемлекет пен жеке меншік әріптестік аясында бірнеше әлеуметтік нысан салынып жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы Нартай Бекежанов ауылында дәрігерлік амбулатория мен спорт кешені пайдалануға беріледі. Одан бөлек бірқатар елдімекен мен мектептер көгілдір отынға қосылмақ. Жалпы алғанда ауданда әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді.
Нартай Бекежанов ауылындағы амбулатория – пешпен жылытылатын ескі үй. Жылдар бойы тар нысанда ем-дом жасап келген дәрігерлер алдағы көктемде жаңа жұмыс орнына көшеміз деп қуанып жүр. Сәулетті ғимарат құрылысын жергілікті кәсіпкер жүргізуде.
Бағлан Әшірбеков, кәсіпкер:
– Осы сәуір аяғында жұмысқа қосамыз. Бұнда барлық қондырғыларды өзіміз ашамыз. Сонымен қатар 3 жылға дейін қамтамасыз етіп қарап отырамыз. Ал спорт кешенін жыл аяғына дейін береміз.
Ауылдықтарды қуантқан тағы бір игі іс ол – апатты көпірдің жаңалануы. Жерасты суының көтерілуіне байланысты жарамсыз күйде болған өткел 105 миллион теңгеге қайта жаңғыртылды.
Дана Аман, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
– Коллектор 52 шақырым жалпы ұзындығы. Бұл өз бастауын күріш алқаптарынан тастанды сулар канал арқылы ағады. Ызаны болдырмайды ең үлкен мақсаты. Халыққа сондай пайдалы жағы бар.
Көпірі жаңаланған коллекторлық каналды тазалау жұмыстары да қарқынды жүруде. Су арнасының 11 шақырымдық табаны аршылды. Тіршілік нәрін өткізу жұмыстары жалғасын табады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<