Шиелі ауданына қарасты 8 ауылда жаңа дәрігерлік амбулатория салынды

5

0

Фото: Облыс әкімдігі

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шиелі ауданында кешенді әрі жүйелі жұмыс атқарылды. Ауыл халқын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан ұлттық жобаның арқасында тұрғындардың денсаулығын жақсарту ісі ілгерілеп келеді.

Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына қарасты Бала би, Досбол би, Қарғалы, Ортақшыл, Алмалы, Ә.Тәжібаев, Тартоғай және Бестам елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулаториялардың тозығы жетіп, техникалық сараптама қорытындысы бойынша апатты жағдайда деп танылған болатын. Кейінгі екі жылда материалдық-техникалық жағынан жарақтандырылған, заманауи үлгідегі 8 дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді.

Дәрігерлік амбулаторияларда физиотерапия, денешынықтыру, фильтр, акушерлік кабинеттер, дәріхана мен дәрілік қойма, химизатор, тіркеу бөлімі, медициналық қалдықтарды сақтау және дезинфекциялық ерітінді дайындау бөлмелері қарастырылған. Әр нысанда 4 төсек-орындық күндізгі стационар жұмыс істейді.

Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі 1974 жылы асармен салынған, тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған болатын. Тамыз айында 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі салынып, қолданысқа берілді.

Онда 20 бокс, 2 төсек-орындық қарқынды терапия палатасы, 3 процедуралық және қарау кабинеті, шағын операциялық блок бар. Бөлімше тәулік бойы жұмыс істейді және қауіпті инфекцияларды ерте анықтау, оқшаулау, емдеуге толық дайын.

Облыс басшылығының, денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 27 жаңа жедел жәрдем көлігі аудандағы ауылдық амбулаторияларға табысталды.

Клиникалық фармакология қызметін жетілдіру жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы аясында аудандық ауруханада госпитальдық фармация бөлімі ашылып, қазір жұмыс атқаруда.

«Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы 1970 жылы салынған, 75 пайыз тозығы жеткен нысан болатын. Бүгінде күрделі жөндеуден өткізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Кабинеттер санитарлық және техникалық талаптарға сәйкестендірілді, жаңа медициналық аппараттар орнатылды, қабылдау аймақтары кеңейтілді.

Шиелі ауданаралық ауруханасының көпбейінді ауруханаға айналуына байланысты медициналық қызмет ауқымы ұлғайды. Емдеу мекемесі МРТ аппаратымен жабдықталды. Аудандық аурухана жанынан жаңа ғимарат құрылысы аяқталып, 18 төсектік инсульттік және диагностикалық бөлімше қолданысқа берілді.

Аудан дәрігерлері Германия Түркия, Литвада білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасып, заманауи медициналық тәжірибелерді меңгеріп келді.

Бұл бастамалар Шиелі ауданындағы медициналық қызмет сапасын арттыруға, халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі