Қызылорда облысы Шиелі ауданында халық денсаулығын жақсарту мақсатында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында бірқатар денсаулық сақтау нысандарында құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жұқпалы аурулар ғимаратының құрылысы
Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына қарасты жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба құны – 2 млрд 323 млн теңге. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі бойынша бас мердігер ретінде «Дәнекер» ЖШС танылды. Құрылыс 2025 жылдың шілде айында аяқталып, пайдалануға беріледі.
«Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеуі
1970 жылы салынған «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы бүгінде 8 351 тұрғынға қызмет көрсетеді. Алайда ғимараттың инженерлік жүйелері мен құрылыс конструкциялары тозығы жеткендіктен, күрделі жөндеу қажеттілігі туындады. Жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті.
Күрделі жөндеу құны – 255,8 млн теңге
Мердігер ұйым – «Жабдықтау» ЖШС
Жұмыс басталған мерзім – 2025 жылдың қаңтары
Аудандық аурухана жанынан қосымша корпус салынуда
Шиелі ауданаралық ауруханасының көпбейінді ауруханаға айналуына байланысты медициналық қызмет ауқымы кеңейтілуде. Инсульттік бөлімше ашылып, 650 млн теңгеге МРТ аппаратымен жабдықтау жоспарланды. Алайда үлкен медициналық құрылғыларды орнату үшін ғимарат тапшылығы байқалып отыр.
Осыған байланысты аудандық аурухана жанынан қосымша корпус салу туралы шешім қабылданып құрылыс қарқынды жүруде.
Жоба құны – 733,2 млн теңге
Құрылыс жұмыстарының мердігері – «Дәнекер» ЖШС
Аяқталу мерзімі – 2025 жылдың сәуірі
Госпиталды фармация бөлімін ашу
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2024-2025 жылдарға арналған медициналық көмекті жетілдіру жөніндегі Жол картасына сәйкес Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында госпиталды фармация бөлімі ашу жоспарлануда. Бұл бөлім дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімділігін арттырып, клиникалық фармакология қызметін жетілдіруге ықпал етеді.
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ермекұлы Искаков нысандардың құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Бұл жобалар Шиелі ауданындағы медициналық қызмет сапасын арттыруға, халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған.
Қоғамдық денсаулықты нығайту жолындағы маңызды қадамдар халық игілігіне қызмет етсін!






