Шиелі ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында көшпелі қабылдау өтті

6

0

Фото: Шиелі ауданы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шиелі ауданында ауыл тұрғындарымен көшпелі жеке қабылдау ұйымдастырылды.

Кездесу барысында тұрғындарға Конституциялық реформа жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, құқықтық мәдениетті арттыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша кең көлемде ақпарат берілді.

Конституциялық реформаға қатысты аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өз сөзінде аталған өзгерістердің қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, бұл бастамалардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Көшпелі қабылдау Бестам ауылдық клубында өтіп, Телікөл, Ақтоған, Алмалы, Жуантөбе және Бестам ауылдарының тұрғындарын қамтыды. Көшпелі қабылдауға аудан әкімі Айтбай Жандарбековпен қатар аудандық құқық қорғау органдарының бірінші басшылары қатысты. Атап айтқанда, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, аудандық сот төрағасы Нұржан Бекетаев, ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің Шиелі аудандық бөлімше бастығы Асқар Баймаханов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болатхан Мұханов тұрғындарды жеке қабылдап, көтерілген әлеуметтік, құқықтық, инфрақұрылымдық және тұрмыстық мәселелер бойынша нақты түсіндірмелер берді.

Аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелерді жеке бақылауына алып, оларды шешу бағытында тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Әрбір өтініш кезең-кезеңімен қаралып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады.

Көшпелі қабылдау тұрғындардың өзекті мәселелерін жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдеріне тікелей жеткізуіне мүмкіндік беріп, халықпен ашық әрі тиімді кері байланысты нығайтуға ықпал етті.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі