Шиеліде аяулы аналарға құрмет көрсетілді

7

0

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» орай аналарға құрмет көрсетті.

Салтанатты жиын барысында аудан әкімі аяулы аналарды көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

— Сіздерді жер бетіне жылылық пен жарық сыйлаған, тіршілік атаулыға жан бітірген көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Көктем – жаңарудың, жаңғырудың, үміттің мезгілі. Ал әйел – сол көктемнің шуағындай әлемге мейірім мен сұлулық дарытқан ұлы құдірет. Әйел-Ана – өмірдің бастауы, тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, қоғамның жүрегі. Бақыт пен шаттықтың шырағын жағып, мейірім мен махаббаттың нұрын төгетін де – сіздер. Нәзіктік пен көркемдіктің, парасат пен сабырдың, төзім мен даналықтың үлгісін бойына тоғыстырған аяулы жандарға қандай құрмет көрсетсек те артық емес, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, халқымыздың «Жәннат – ананың табанының астында» деген қасиетті сөзін тілге тиек етіп, аналардың ұрпақ тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбегіне ерекше тоқталды. Отбасының ынтымағын ұйытып, шаңырақтың шырағын сөндірмей отырған ардақты аналар мен асыл жарларға әрдайым тағзым ететінін атап өтті.

Жиын барысында өмір жолы өнегеге толы, әр салада ұзақ жыл еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан аналар марапатталды. Аудан әкімінің Құрмет грамотасымен – білім саласының ардагері, 80 жасқа толған Ұлмекен Бекменбетова марапатталды. Аудан әкімінің Алғыс хатымен – 75 жастағы білім саласының ардагері Бақтыгүл Құрбанова, 70 жастағы аналарымыз Разия Жолдиева, Ақжарқын Ерсайнова, Ұлман Палымбетова, Балтагүл Мыханова, денсаулық сақтау саласының ардагерлері Тұрсынкүл Қалекеева мен Ділбар Бриканова, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен зейнет жасына шыққан Гүлназы Жүсіп пен Қызжан Оспанова марапатқа ие болды.

Алқалы жиында әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет пен Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет сөз сөйлеп, аналарға деген құрмет пен алғысын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді.

Алқалы жиын аудан өнерпаздарының әсем әндерімен әрленіп, аяулы аналарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әннен шашу шашқан өнер иелері аналардың құрметіне арнау орындап, жиынның шырайын кіргізді.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі