Бейжің Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаев Париж Олимпиадасына қатысып жатқан боксшылардың өнеріне көңілі толмайтынын айтты.
Боксшы бұл туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Жігіттердің физикасы өте нашар. Екінші раундта тыныс алуы қиындап, рингте әзер жүр. Соққылары тым аз. Сериялық соққылар тіпті аз. Үш минутта қанша соққы жасауға болады? Физикамен айналысады деп арнайы шақыртылған мамандар қайда қарап жүр? Жалпы ғылыми топ мүшелері қайда? Неге біздің боксшыларға шаршы алаңда дем жетпей қала береді? Неге үш раундта аяққа тұра алмайды? Бәрің шұбырып не істеп жүрсіңдер? Сосын тағы бір сұрағым бар: әрбір боксшы лицензия алғаннан кейін Олимпиадаға дейін неше жекпе-жек өткізді? Практика бар ма? Мысалы, мен Бейжің Олимпиадасына дейін жарты жылда 22 кездесу өткіздім. Ал бас бапкерге айтатын сөзім жоқ», – дейді Бақыт Сәрсекбаев.
Айта кетейік, бүгін Париж Олимпиадасында бокстан 57 келіге дейін салмақта сынға түскен Махмұд Сабырхан алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды. Ол испаниялық Хосе Кулес Бротостан айласын асыра алмады.
Сонымен қатар Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиадада бокстан Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) жарыс жолын аяқтады.
Асланбек Шымбергенов алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<