«Шұжық цехының желдеткішінің тоғы ашық жатқан»: Қызылордада 11 жасар ұлынан айырылған ана оқиғаға кінәлілерді жазалауды сұрады

292

0

Фото бағдарлама кадрларынан скрин

Қызылордада тоққа түсіп көз жұмған 11 жасар Данияр Рустамұлының отбасы әділдікті талап етіп отыр. Айтуларынша, қазаға желдеткіш тоқтарын ашық қалдырған кәсіпкерлер кінәлі. Оқиға күні Данияр досымен ойнап жүріп жасырынбақ болып, шұжық цехының бұрышына барған. Кейін ол жерден ағасы оны ес-түссіз күйде тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Көреміз» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Марқұмның анасы Жанар Ләппаева оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Оқиға 19 тамыз күні кешкі сағат 21:00 шамасында болған. 

«Ұлым досымен үйге ойыннан оралды. Тамақ ішіп алып, «мама досымды шығарып салайын, қайтып келемін» деп шығып кетті. Кішкентай бөпемді бесікке шайқап жатқанымда үлкен ұлым хабарласып, «көшенің басына қарай шығыңызшы, Данияр ес-түссіз жатыр» деді. Сөйтсек ол досымен ойнап бір-бірін қуалап жүгірген. Балалар ойнап жүріп досы кетіп бара жатқанда Данияр бір қуысқа тығыламын деп сол тоқтың жанына барған. Негізі құлап бара жатып желдеткіштің тоғын ұстап қалуы мүмкін. Оның тоққа түскенін ешкім білмеген. Ағасы баламды иығына салып үй жаққа дейін көтеріп келген. Сол кезде ол құсыпты. Сосын досы көмектесіп жатқанда балам кіші дәретін жіберіп қойыпты. Сол кезде қорылдады дейді. Жолдың жиегіне қойып қойған. Басы бұрылып жаты», – деді Жанар.

Жанар хабарды ести сала бірден көшеге шыққан.

«Жүгіріп келсем дәл сол жерде балам ес-түссіз жатыр. Данияр деп бетін ұрсам, қозғалмайды. Бір жанынан жатыр. Жедел-жәрдем шақырып, хабарласып, көмек сұрап едім, «бригада бос емес, босаған кезде барады» деді. Кейін өтіп бара жатқан бір әйел баланы ұстап көріп, «пульсы төмен, жүрек соғысы әлсіреп барады, көмектесейік» деді. Сөйтіп көлігіне баламды отырғызды. Сөйтіп оны балалар ауруханасына алып кеттік. Ауруханада оны бірден ішке алып кетті. Есіктерінен қарап едім, тоқпен жүрегін ұрып жатыр екен. Кейін бірден жан сақтау бөліміне жатқызды. Содан 5 күн жатты. 5 күннен кейін көз жұмды», – деп қосты анасы.

Даниярдың ойнап жүргенін ағасы көрген, кеш болғасын інісін алып қайту үшін олардың арттарынан жүрген екен. Алайда кейін қуыстан ес-түссіз жатқан інісін алып шыққан. 

«Шұжық цехының желдеткішінің тоғы ашық жатқан»: Қызылордада 11 жасар ұлынан айырылған ана оқиғаға кінәлілерді жазалауды сұрады

«Баланың ішіндегі ең бір ақылдысы еді. Ол ерекше бала болды. Жасым 75-те, аяғым ауырып тұра алмай жатсам, жүгіріп өзі тұрғызып жіберетін. Бір нәрсені сұраусыз алмайтын. Әрқашан бірінші «әже алуға бола мА» деп сұрайтын. 1,5 келі болып туылған бала еді», – деді әжесі. 

Данияр 8-мектеп интернатының 4-сыныбына аяқ басуы керек болған. Алайда оқу жылына 10 күн қалғанда тоққа түсіп көз жұмды. Ұстазының айтуынша ол мұнда 1-сыныптан бері оқиды. Ол достарымен тез тіл табысатын, бауырмал, сабақтан себепсіз қалмайтын, білімі орташа деңгейдегі оқушы болған

Жекеменшік мекеме желдеткіштің тоғына оқиғадан кейін арада 10-15 күннен кейін ғана қоршау салған. 

“Баланың сол қолында, сол алақанында күйік жарақаттарының іздері болуына байланысты элетрожарақат деген диагноз қойылды. Оған реанимациялық іс-шаралар 5 күн бойы жүргізілгенннен кейін 24 күні кешкі сағат 18:00-де жүрегінің тоқтауы байқалып, бала көз жұмды. Алғаш келген кезде ол клиникалық өліммен келген. Кома жағдайында ес-түссіз, тыныс алмады. Дәрігерлер көмегінен кейін ғана жүрегі қайта соғып баланы дереу жан сақтау бөліміне апарып аппаратқа қостық”, – деді Қызылорда қаласының балалар ауруханасы. 

Ашық тұрған электр көзі шұжық өнімдерін даярлайтын цехқа тиесілі. Цех басшысы Вастилий Лугай есімді азамат. Ол – Қызылордадағы ірі кәсіпкерлердің бірі. Қол астындағы қызметкерлерінің айтуынша, ол цехтан басқа мейрамхана ісін де жүргізеді. Алайда цех басшысы өзінің бұл ғимаратты тек жалға алып отырғанын айтты.  

“Желдеткіш ғимараттың ішкі жағында орналасқан және бұл жеке меншік мекеме. Қаладағыларды көрсеңіз, ешбір желдеткіш қойылған жерлер қоршалмайды. Одан кейін неге бұл сұрақты маған қойып отырсыздар? Бұл ғимарат та, желдеткіш те менікі емес, мен тек жалға алушымын”, – деді ол. 

Төтенше жағдайлар департаменті құжаттар зерделенгеннен кейін барып адам өліміне қатысты іске байланысты тексеріс жүргізілетінін айтты. 

Ал марқұмның анасы ұлының өліміне кінәлілердің жауапкершілікке тартылуын талап етіп жатыр. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<