Шығармашылық ән кеші өтті

1124

0

Облыста өнерлілер аз емес. Атақты әнші де, биші де Сыр өңірінің тумасы. Оған дәлел іздеудің қажеті жоқ. Мәселен, «Әнші балапан», «Таңшолпан», «Жас қанат» байқаулары талай қызылордалықтардың бағын ашты. Бүгінде олар үлкен танымалдылыққа ие. Жастайынан өнерге ғашық болып, сахна төрінде әуелете ән шырқаған Руслан Садықов бүгінде өзіндік тыңдарманы қалыптасқан, ән қоржыны әсем әндерге толы әнші атанды.

Сыр аспанын соңғы аптада жыр жәрмеңкесі жырға бөлеп еді, күні кеше сол іс-шараның жалғасындай болып, ән өнерінің бір сұңғыласы әнімен әуелетті. Әнші, халықаралық конкурстардың лауреаты, мәдениет саласының үздігі Руслан Садықовтың «Жырла, жүрек!» атты шығармашылық ән кеші өтті.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында өткен ән кешінде басқарма басшысы құттықтау сөз сөйлеп, алғыс хат табыстады. Р.Рүстемов талантты әншінің шығармашылық жетістіктерін жоғары бағалап, Сырдария ауданының тумасы Руслан Садықовтың ән әлемінде өзіндік орны, мәртебелі төрі бар екенін атап өтті. Сонымен қатар «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Ж.Қарабала мен Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Д.Байдушев құттықтау сөз сөйлеп, құрмет көрсетті.

Кеш кейіпкерінің бала кезінен басталған шығармашылық жолына тоқталар болсақ, сахна десе дүбірге құлақ тіккен тұлпардай бір орында тұра алмайтын талапты бала он жасынан бастап ән айтып көзге түсіп, «Әнші балапан» байқауында жүлдегерлер қатарынан көрінген. Облыстық «Таңшолпан» байқауында дипломант болып, «Жас қанат» конкурсына қатысқан. 1997 жылы Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясының жетекшілігімен «Аплаус» халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне Қазақстанның атынан қатысып, жүлделі II орынды иеленген.

2002 жылы Белоруссияның Витебск қаласында өткен үлкен халықаралық «Славянский базар в Витебске» конкурсына Қазақстанның атынан қатысып, байқауға шығыс елдерінен барған алғашқы қарлығаш атанған. 2004 жылы Эстонияның Таллин қаласында өткен I халықаралық «Эду-2004» әншілер конкурсында лауреат атанып, Эстония Республикасындағы Қазақстанның құрметті консулы Аду Лукастың қабылдауында болып, қазақ мәдениетінің дамуына және шет елдерде танытуға қосып журген үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталуы да Русланға көрсетілген ерекше құрметтің бірі.

Руслан Қызылорда музыкалық колледж қабырғасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетовадан сабақ алып, Қазақ Ұлттық музыка академиясын бітірген. Халық әні «Назқоңырды», Үкілі Ыбырайдың әні «Гәккуді» Руслан секілді нақышына келтіріп салу екі әншінің біріне жазылмаған бақ. Бүгінде әншінің өнердегі жеткен жетістіктері бағаланып, «Мәдениет саласының» үздігі атанды. Әнсүйер көрермендері оның әлі талай жеңісті жолдарына куә болатынына сенеміз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<