Шығармашылық байқау қорытындыланды

139

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Кеше журналист, қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалқабай Әбенов атындағы «Туған жер – тұғырым» атты дәстүрлі шығармашылық байқау қорытындыланды. Марапаттау шарасы Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті.

Шараны жүргізген облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов бұл байқаудың биылғы ерекшелігі – «Сыр бойы» газетінің 95 жылдығымен сабақтастық құруы екенін атап өтті.

«Алаш қайраткерлерімен мұраттас тұлғалардан тамыр алатын аймағымыздың ата басылымы «Сыр бойы» газетінің тарихында ұзақ жылдар редакторлық еткен қаламгер-қайраткер Қалқабай Әбеновтің есімі үлкен құрметке ие. Ол бүгінгі «Сыр бойы», кешегі «Ленин жолы» газетін 1968-1985 жылдар аралығында басқарды. Осы жылдары газетте мамандықтың қиындығын да, қызығын да көріп, соғыс жылдары, одан кейінгі ауыр кезеңдерде тер төккен, жазу өнерінің қыр-сырын әбден меңгерген қаламы жүйрік журналистер еңбек етті»,  – деді ол.

Салтанатты жиынға қазақ журналистикасына еңбек сіңірген ардагерлер және марқұмның қанаттас-қызметтес болған әріптестері, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов қатысып, сөз сөйледі.

Байқау қорытындысымен ынталандыру сыйлығын үздік төрт автор иеленді. ІІІ орын ардагер журналист Кенжалы Ерімбетов пен » Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаевқа берілді. ІІ орын ардагер-журналист, Қазақстанның құрметті журналисі Қайырбек Мырзахметұлына табыс етілді. Ал І орынға «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Назерке Саниязова лайық деп танылды.

Марапат иелеріне облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов арнайы сертификат пен статуэтка табыс етті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<