Шығармашылық кеш өтті

683

0

Кеше Қазалыда Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығы аясында «Мырза» халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің шығармашылық кеші өтті.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен кеште аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз сөйлеп, ұлттық дәстүріміздің оның ішінде қазақ өнерін жаңғыртуда үлкен үлес қосып жүрген ұлт-аспаптар оркестрінің ұжымына ризашылығын жеткізді.

Сонымен қатар, ұжымның алдағы уақыттағы жұмыстарына сәттілік тілеп, бірқатар қызметкерлерді арнайы «Алғыс хаттармен» марапаттады.

Мұнан соң аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев сөз алып, қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп, халықтың көңілінен шығып келе жатқан ұлт-аспаптар оркестрінің өнерпаздарына шынайы тілегін білдірді.

Шығармашылық кеште ҚР мәдениет қайраткері, күйші-сазгер Орақ Баубеков, мәдениет саласының ардагері Ерпазыл Жүсіп, ҚР композиторлар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Сәукен Әліш және ҚР Мәдениет саласының үздігі Арман Әуезов сынды дара тұлғалар аталған оркестрге дирижерлық етті.

Көптің көңілінен шыққан әуезді кеште жиылғандар ұлттық аспаптан төгілген күмбірлеген күйге қанық болып, ерекше көңіл күймен тарқасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<