Шығармашылықтың жаңа деңгейін айқындайды

8

0

Трагедияда кешегі ХVІІІ-ХІХ ғасырда өмір сүрген қоғам зиялысы, ағартушы, ақын Абай Құнанбайұлының болмы­сы сом­далған. Айналасындағы әділетсіз­діктен, қарама-қай­шылықтардан жаны байыз таппаған ақынның басынан кешкен тартысты тағдыры толғандырып, әсіресе, ақын өмірінің соңғы сәттері көрерменді ауыр ойға жетелейді.

Айта кетейік, фестиваль ая­сында театр өнерінің дамуына серпін беру және шығармашылық ұжымдардың кәсіби тәжірибе алмасуына жағдай жасау басты ұс­таным болып отыр. Бұл туралы алдын ала БАҚ өкіл­дерінің қатысуымен өткен брифингте  айтылды.

Баспасөз алаңында сұх­бат бер­ген Н.Бекежанов атын­дағы қа­зақ академиялық му­зы­калық-драма теат­рының бас­шысы Мұхтар Ниязов, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Хұсейін Әмір-Темір, өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс, өнертану кан­дидаты, про­­фессор Зухра Исламбаева, театр сыншылары театрішілік фестивальдің өтуі іргелі өнер ұжымының ру­хани  тынысын ашып, ізденісін арттыра түсетінін атап өтті. Сондай-ақ пікір айтушы­лар бағдарламада ұсынылып отырған мистикалық триллер, трагедия, буффонада ертегі, психологиялық және деректі драмалар, моноспектакль, қуыршақ театры сынды түрлі жанрдағы қойылымдарды тамашалау арқылы көрермен айрықша шығармашылық атмосфераны сезінетініне сенім білдірді.

Режиссер Хұсейін Әмір-Темірдің айтуынша, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрында театрішілік фес­тиваль бірінші рет ұйымдастырылып отыр.

–Театр жанындағы көркемдік кеңестің ұйғарымымен фестиваль бағдарламасында түрлі жанрдағы тоғыз спектакль көрермен назарына ұсынылады. Әр спектакльден кейін талдау жасалып, артық-кем тұсы сарапталып, актерлерге бағыт-бағдар беріледі. Ол үшін Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан театр сыншылары шақырылды. Бір сөзбен айтқанда, бұл фес­тиваль театрдың шығармашылық деңгейін көтеру арқылы жаңа ізденістерге жол ашып, бәсекелестікті арттырады, – дейді ол.

Өнертану докторы, профессор Бақыт Нұр­пейіс театрішілік фестиваль өткізу тәжірибесі алғаш рет М.Әуезов атындағы қазақ драма театрынан бастау алғанын, қазір де еліміздің бірқатар театрында ұйымдастырылып, соған сәйкес нәтижелі жұмыстар атқарылып келе жатқанына тоқталды.

Ел өнерін алыс-жақын шетелдерге танытып жүрген Н.Бекежанов атындағы қазақ ака­демиялық музыкалық-драма театры да осындай театрішілік талдаулар арқы­лы шы­ғар­машылық ұжымның деңгейін көте­ріп, ак­терлердің ізденісіне зор мүмкіндік бере­тінін айтты.

– Бұл театрды бұрыннан жақсы білеміз. Осыған дейін де премьераларға келіп, қатысып жүрміз. Бүгінде өтіп жатқан театрішілік фес­тивальде әртүрлі жанрдағы пьесалар қам­тылған екен. Осының өзі шығармашылық ортада ізденістің бар екенін, театр жұмысы дұрыс жолға қойылғанын аңғартады.  Дегенмен бағдарламадағы спектакльдерді көріп болған соң, лайықты баға беріледі, – дейді театр сыншысы, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Зухра Исламбаева.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, фестиваль барысында, яғни, 16-20 наурыз аралығында Э.Распенің «Мюнхгаузеннің әлемі» буффонада ертегісі, А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасы, Х.К.Андерсеннің «Ұс­қынсыз үйрек» қуыршақ қойылымы, А.Во­­лодиннің «Кездесу мен қоштасу» пси­хо­логиялық драмасы, сонымен қатар А.Ах­мет­тің «Шыр­мауық» моноспектаклі мен М.Омаро­ваның «Ша­нель №5» деректі драмасы көрер­мен наза­рына ұсынылады. Фестиваль 20 нау­рыз күні Д.Исабековтің «Құстар фес­тива­лі» му­зыкалық қойылымымен қорытын­дыланады.

Фестивальді ұйымдастырушылар «Nartai Theatre Fest – 2026» театр өнерінің шығарма­шылық әлеуетін танытып, көрермен мен сахна арасындағы рухани байланысты нығайтатын мәдени алаң ретінде актерлердің жаңа қырын ашуға оң ықпал ететініне сенімді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»