Шығыс Қазақстанда дала өртімен күрес жалғасып жатыр

550

0

Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында дала өртімен күрес жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданында «Марқакөл» орман шаруашылығы, «Бобровка» орманшылығы және Төсқайың ауылдық округі аумағында шөп, бұта, мен ағаш өртеніп жатыр.

Тілсіз жаудың жалпы ауданы – 1800 гектар.

«Жақын орналасқан елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Сол жерде қызыл жалынмен 307 адам мен 35 техника дамылсыз күресіп жатыр. Сондай-ақ 4 тікұшақ тартылып, әуеден 28 рет су төгілді», – делінген ақпаратта.

Алтай ауданында дала өртінің аумағы 2400 гектарға жетіп отыр. Сол жерде жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды.

Өртті ауыздықтауға барлығы 367 адам мен 35 техника жұмылдырылған.

«Катонқарағай ауданында да өрттің беті қайтпай жатыр. Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде шыққан оттың ауданы – 1900 гектар. Өрт ошағында 355 адам, 29 техника, МИ-2 тікұшағы жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, Құйған ауылдық округінде 300 гектарды шарпыған дала өрті де әлі ауыздықталмады», – делінген хабарламада.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<