Шымкентте қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне 8 жастағы бала жеткізілді. Бүлдіршіннің іші ауырып, тәбеті болмай, 7 күн бойы тоқтамай құсқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әжесінің айтуынша, соңғы күндері бала мүлде тамақ ішпей қойған.
Дәрігерлер тексеру кезінде іш қуысын сипап қарағанда асқазан тұсынан бөгде затты байқаған. Балаға шұғыл түрде ота жасалды.
“Ота кезінде баланың асқазанынан бір уыс шаш түйіні алынды. Медицинада мұндай жағдай трихобезоар деп аталады, яғни асқазанда шаш жиналуы”, – деп мәлімдеді Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасы.
Бұл дерт салыстырмалы түрде сирек кездеседі және көбіне балаларда, жасөспірімдерде, сондай-ақ 30 жасқа дейінгі жас әйелдерде байқалады.
Қазір баланың жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің бақылауында.






