Әбдімәлік Нысанбаев екеуміздің 1955 жылы Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түсуіміз ойда жоқта болған еді.
Енді соны басынан бастап айтайын. Мен 1955 жылы Сексеуіл станциясындағы №423 орта мектепті үздік бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне құжат тапсырғанмын. Емтиханның барлығын да жақсы және өте жақсы деген бағаға тапсырсам да, қабылдау комиссиясы конкурстан өте алмадың деп, қолыма бағалары жазылған сынақ тапсырған құжатты берді. Сондағы қабылдау комиссиясының айтқаны:
– Бұл құжатпен басқа институтқа барсаңыз, осы бағаларыңызбен олар қабылдауы мүмкін, – деді. Бірақ мен ешбір институтқа бармай, дайындалып алдағы жылы қайта келермін деген оймен пойызға отырып, ауыл қайдасың деп жолға шықтым.
Біз мінген пойыз 25 тамыз күні талтүсте Қызылорда қаласына келді. Вокзалда Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсуге келген таныс балаларға кездестім. Олар менің сынақ тапсырған құжатымды көріп, «мына бағамен пединституттың физика-математика факультетіне қалай болса солай түсесің» деп кеңес берді. Пединституттың физика-математика факультеті деканының қабылдауына бардым. Қабылдау бөлімінде мен қатарлы жігіт отыр. Ташкент қаласына барып, теміржол институтына емтихан тапсырып, конкурстан өте алмай емтихан тапсырған құжаттарымен осы институтқа келіп отырған Әбдімәлік Нысанбаев екен.
Екеуміздің құжатымызды қабылдап алған факультет деканы Ә.Тәжмағанбетов:
– Балалар, мен институт ректоры Әділ Ермеков жолдасқа барамын, сендер мені күтіп отырыңдар, –деп кеңседен шығып кетті. Арада бір сағатқа жетпейтіндей уақыт ішінде қайтып келіп:
– Балалар, сүйінші, студент болдыңдар! – деп институт ректорының бұйрығымен таныстырды.
Бұл 1955 жылдың 25 тамызы болатын. Сонымен Шыңғыс Айбосынов, Әбдімәлік Нысанбаев журналға «Б» группасының студенттері болып тіркелді. Ертеңіне студенттер мені староста етіп сайлады.
Екеуміз де 1960 жылы институтты үздік бітіріп шықтық. Диплом алғаннан кейін елдегі қарт ата-анама қызмет көрсету үшін ауылға барып жұмыс жасайын деген тоқтамға келіп, батысқа жол тарттым. Ал Әбдімәлік болса, ғылым жолын таңдап, Алматыға – шығысқа аттанды.
Енді академиктің өзін сөйлетейік.
– Иә, біздің замандастарымыз тәрізді менің де балалық шағым өткен ғасырдың 40-50 жылдары Сыр бойындағы қиын-қыстау күндерге, ашаршылыққа, қуғын-сүргінді, қиямет қырғын соғысты бастан кешірген жылдарға дөп келді. Аумалы-төкпелі осы заманда бала дүниетанымы мен бақытына ықпал етіп, оның жақсы азамат болып, тұлға болып тәрбиеленуіне әсерін тигізген, өмірім мен санамда өшпес із қалдырған апаларым мен әжелерім туралы айтсам деймін. Аруақтары риза болғыр, бұлар Қатира және Тазагүл апалар, Рысты, Мәрия және Бибінұр әжелерім болатын.
Мен діни сауаты бар өз анам Рыстыны әже деп атадым. Өйткені бала тұрмағасын осылай атауды бәрімізден өзі өтінген. Бұл да болса қазақы ырымның бірі болса керек. Әкем Нысанбай екеуі қосақтасып өмір сүргенде анамыз 17 құрсақ көтеріпті. Солардан екі-ақ қыз қалған, менің апатайларым Үміт, Қатира, қалғандары өткен ғасырдың отызыншы жылдары қолдан жасалған ашаршылық жылдары шетінен шетінеп кете берген. Ел басына төнген бұл зобалаңды бастан кешпеген қазақ отбасы кемде-кем шығар.
Әкем Нысанбай мен Рысты анам балаларын жетелеп Өзбекстанға ауды. Бұл қасіретті сапардағы сұмдық оқиғаларды бала кезімде әжемнің аузынан талай естідім. Менің ата-аналарым жат жұртқа жерсіне алмай, туған еліне қайта оралады, бейнеті көп, зейнеті жоққа жақын колхоз жұмысына орналасады.
«Баласыз ата тұл» демекші, артына тұяқ қалдыруды армандамайтын қазақ бар ма, сірә?! Менің ата-аналарым да бала тұрақтамағасын сол маңайдағы әулие-әмбиелерді жағалап, аруақтардың басына түнеп, Құдайдан жалбарынып ұл сұраған. Аласапыран заманда алда не күтіп тұрғанынан күдіктенгені де болар, ұрпақ жалғастығын әкем де, шешем де уайымдаған тәрізді. Қамкөңіл пенделерінің мұңына құлақ асты ма, 1937 жылдың 1 мамырында мен дүниеге келіппін, артымнан Мәлік өмірге келді. Қуғын-сүргін жылдары халықты ұлт ретінде ұйытуға тырысқан қазақтың беткеұстар қаймақтары қамауға алынып, жер айдалып, атылып кете барды.
Менің әкем Нысанбай да осы саясаттың құрбанына айналды. Қызылорда қаласының жанындағы Қарауылтөбе колхозында тұрған әкемді түнде алып кеткені, әжемнің жылағаны еміс-еміс есімде қалыпты. Әкең таяуда қайтып келеді деп жұбатқанымен, оның хабарын бірнеше жылдан кейін соғыстан соң тоталитаризм тозағынан босап шыққан әкеммен бірге болған адамнан естідік.
Анамның күш-қуаты мол, ерік-жігері мықты болатын, оның негізгі мақсаты екі ұлына – Әбдімәлік пен Мәлікке ұлттық тәрбие, мүмкін болғанынша жақсы сапалы білім беру, оларды еліміздің қажырлы азаматтары етіп өсіру еді. Ол арманы іске асты, екі баласы танымал азаматтар болып өсті. Өз басым мектепті жақсы бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түстім. Курстан курсқа өткен сайын білімімді тереңдетіп, уақытты бос жібермес үшін қалада жатып оқуға тура келді. Осылайша сол кездегі қаланың Некрасов көшесінің төртінші үйінде тұратын Тазагүл апаның үйіне тап болдым. Төрт-бес жыл бойы осы кісінің қолында тәрбиелендім. Студенттік кезімде Батырхан Остаев, Сұлтан Үсенов, Бекіраш Жүсіпов, біздің группаның мәңгі старостасы Шыңғыс Айбосынов сияқты тамаша достарым болды.
Мен 3-5 курстарда өте жақсы оқып, Сталиндік стипендияның иегері болып жүрдім. Бұған Ә.Тәжмағанбетов, Е.Махмутов, И.Бекбаев, Ә.Оразалиев, Ж.Беркімбаев, С.Сарманов, С.Елубаев, Ж.Сәтбаева сияқты тамаша білікті де дарынды ұстаздарымның еңбегінің арқасында қолым жетті десем де болады.
Институтты бітіргеннен кейін институт басшылары мені арнаулы жолдамамен Алматыға Қазақстан ғылым академиясына жіберген болатын. Ол кезде академияда қызмет істеу деген үлкен мақтаныш еді. Өйткені ғылыми инновациялық Сәтбаев заманы болатын. Мұнда мен елу жылдай отасып отырған болашақ жұбайым Зейнешпен таныстым. Оның анасы Бибінұр анамыздың тәрбиесін де көрдім. Ол кісінің дайындаған дәмді мантысы мен кеспесі әлі есімде. Марқұм анамыз қазақтың тамаша үлгілі отбасы болуымызға көптеген ақыл-кеңесін аяған жоқ. Оның жұбайы Әшен Асқаров әкеміз Қызылорда қаласында өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында басшы қызметте болып, одан кейін Алматыда және басқа өңірлерде көптеген басқарушы қызметті адал атқарып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болған азаматтұғын.
Сонымен, менің болашақ ғалым болуыма, осы жолда үлкен ізденіспен еңбек етуіме Орынбек Жәутіков, Жабайхан Әбілдин, Лев Науменко, Мамия Баканидзе сияқты дарынды ғалымдардың маған берген ақыл-кеңестері үлкен күш берді және ғылым биігіне жетеледі.
Сол сияқты Мәскеудегі ұстаздарымды да ерекше айта кетуге тиіспін. Солардың ішінде сол кездегі одақтағы жаратылыстану философиясымен айналысқан, бірден-бір атақты ғалым, профессор И.Кузнецов – осы саладағы алғашқы аяқалысымен зор ықпал еткен адам. Менің Мәскеудегі аспирант кезімдегі ғылыми жетекшім болатын. Сондай-ақ Э.Ильенков, Б.Кедров, В.Гот, В.Тюхтин, Г.Рузавин, В.Лекторский, В.Степин секілді көрнекті ғалымдардың алдын көру философиядағы өз жолымның қалыптасуына үлкен ықпалын тигізді. Аспирантураны ойдағыдай қысқа мерзімде тәмамдағаннан кейін 1969 жылдың 24 желтоқсан күні Мәскеуде «Значение принципа соответствия для раскрытия природы истины в математике» деген тақырыпта диссертация қорғап, философия ғылымының кандидаты деген ғылыми атаққа ие болдым.
Содан кейін арада он жыл өткенде 17 қаңтар 1975 жылы «Диалектикологические принципы синтеза и развитие математического знания» деген тақырыпта диссертация қорғап, философия ғылымының докторы атандым, – дейді ол.
Әбдімәлік Нысанбаев Қорқыт ата университеті түлектерінің ішінен кеңестік дәуір кезінде шыққан тұңғыш академик.
Ғылым саласындағы еңбектері өзінің бағасын алды. Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Мемлекеттік сыйлықтың, Президенттің «Бейбітшілік және рухани келісім», Халықаралық түркі әлемі сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Қазақстанның ғылым және техника саласының қайраткері атанды.
Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен, Абылайхан атындағы, Мұстафа Шоқай атындағы, Түркияның Джалаладин Рулис атындағы алтын медальдармен марапатталған.
Ол Қазақстан Ассамблея кеңесінің мүшесі, Қызылорда, Атырау қалаларындағы және Қытайдағы Хуажон университеттерінің құрметті профессоры, сондай-ақ Қызылорда қаласының, Алматыдағы Медеу ауданының, облыстағы Сырдария және Қармақшы аудандарының Құрметті азаматы.
Халықаралық информатизация академиясының, Ресейдің жаратылыстану академиясының академигі болып сайланған.
Қазақ ССР-нің «Құрмет грамотасымен», «Тәуелсіздіктің 10 және 20 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл» медальдарымен және «Парасат», «Достық» орденімен марапатталған.
Сан ғасырлық тарихы бар Сыр топырағының түлегі Әбдімәлік Нысанбаев тек өңірдің ғана емес, бүкіл қазақ халқының мақтан тұтар ғалымы десек те артық айтқандық болмас. Жалпы Әбекеңнің, Әбдімәліктің отбасын ғалымдар отбасы деуге болады. Мәселен, жұбайы Зейнеш – химия ғылымының кандидаты, баласы Назар – заң ғылымының кандидаты, қызы Динара – философия ғылымының кандидаты, немересі Шыңғысхан – экономика ғылымының кандидаты.
Міне, жақсы әкенің жарық жолы, өшпес өнегесі.
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысының Құрметті ардагері,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы





