Қала іргесіндегі Бесарық ауылында келіндерден құралған ансамбль бар. Ауылдық мәдениет үйі жанынан ашылған топ қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. Мереке қарсаңында ансамбль жетекшісі Гүлзада Бердібековамен шығармашылық ұжым жайында әңгімелескен болатынбыз.
– «Шырайлы келіндер» ансамблі 2023 жылы құрылды. Құрамында 10 келін бар, 15 шақты ән жаздырдық. Келіндердің бәрі де өнерлі, бесаспап. Бұрын олар жеке-жеке ән айтып, іс-шараларға қатысып жүрген. Мәдениет үйінің қызметкерлері Мөлдір Жүнісбаева, Маржан Дүйсенбаева үшеуміз бірге ән айттық. Кейін үйірме ашып, өнерлі келіндердің басын қосып, топтастырдық, – дейді ол.
Ансамбль құрамындағы өнерпаздар – түрлі саланың маманы. Атап айтар болсақ, Жанат Айтжанова ақын әрі жеке кәсіпкер, Перизат Бакирова №147 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, Сымбат Жүсіпова ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Гүлзат Айтжанова мен Аякөз Мұханова өнерге құштар үй шаруасындағы аналар, Сара Сарбаева «Бесарық» ЖШС-ның кадр қызметкері, Сұлушаш Пірназар мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы, Гүлжайна Байғабылова «Бөбек» бөбекжай балабақшасының аспазшысы. Бірақ оларды өнер тоғыстырды.
– Біздің қыздар бәріне де үлгереді. Отбасы мен жұмысты ұршықша иіріп отыр. Шығармашылықты да ұмытпайды. Әр дайындыққа жауапкершілікпен қарайды. Ең бастысы, бәріміз де көпбалалы анамыз. Көбіне ана, қыз-келіншектер, туған жер тақырыбында және Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаймыз. Сахналық киімдерге ерекше мән береміз. Ұлттық нақыштағы бүрмелі көйлек пен кәжекей киеміз, әшекей тағамыз, – дейді Гүлзада Бердібекова.
Қазақы келіннің көркем болмысын сахнада дәріптеп келе жатқан ансамбль аз уақыттың ішінде өзіндік орнын қалыптастырды. Бұл – өнерге адалдықтың, дәстүрге деген шынайы ықыластың айқын көрінісі. Сондай-ақ ұжымның көркемдік жетекшісі Абзал Молдашев ансамбльді баянмен сүйемелдейді.
Бүгінде «Шырайлы келіндер» ансамблі елдің, ауыл халқының ыстық ықыласына бөленіп жүр. Өнерлі келіндер гастрольдік сапармен көрші Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылдарына, аудан орталығына шығып тұрады. Қайырымдылық концерттерін ұйымдастырады. Мәселен, Қызылорда қаласындағы оңалту орталығы мен Қарттар үйіне жиі барып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Олардың басты ерекшелігі – қазақ келіндерінің инабаттылығы мен сұлулығын, ұлттық киім мен әдеп-ғұрыпты сахна мәдениетімен ұштастыра білуінде. Әрбір ән мен биі қазақ әйелінің парасаты мен нәзіктігін айшықтайды.
Бесарық ауылында 19 жылдық тарихы бар «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблі де бар. Ақ жаулықты аналардың ізін басатын, өнерін, тәрбиесін жалғайтын ұжым көптің құрметіне бөленуде. Топтағы келіншектердің бәрі де ұлттық аспаптарда еркін ойнайды.
Қазіргі таңда ансамбль ән қоржынын жаңа әндермен толықтыруда. Алдағы уақытта ауыл халқына «Шырайлы келіндер» ансамблінің жеке концерттік бағдарламасын ұйымдастырмақ. Оған дайындықты бастап кетіпті. Өнерге құштарлық, сүйіспеншілік, елдің алғысы оларға әрдайым шабыт береді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






