Синоптиктер қаңтар айын қарлы әрі жылы болады деп болжауда

645

0

Синоптиктер қаңтар айын қарлы әрі жылы болады деп болжауда «Қазгидромет» РМК синоптиктерінің болжауынша, Қазақстанда қаңтар айы қарлы әрі жылы болады, – деп хабарлайды BNews.kz.

Алдын ала болжам бойынша қаңтарда орташа айлық ауа температурасы республиканың оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығысында нормадан 1°С жоғары, ал қалған аймақта климаттық нормаға жақын күтіледі.

Айлық жауын-шашын мөлшері нормаға жуық және нормадан жоғары, тек Павлодар және Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде нормадан аз күтіледі.

Бірінші декаданың басында республиканың солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық аймақтары суық антициклонның ықпалында болады. Термометрдің сынап бағнасы түнде 25…30, кей жерлерде 35 дейін аяз, күндіз 15…20, кей жерлерде 25 аязға дейін төмендейді.

Ал еліміздің батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстігіне жылы ауа массалары шығатын болады және фронтальдық бөліктердің өтуімен жылы жауын-шашынмен ауа райы болжанады. Ауа температурасы:

түнде 2…7, кей жерлерде 12 дейін аяз,

күндіз 0…5 жылы, кей жерлерде 5 дейін аязды құрайды.

Осы айдың ішінде жылы ауа массасының жиі шығуына және фронтальдық бөліктердің өтуімен республиканың үлкен бөлігінде жылы және жауын-шашынды ауа райы күтіледі. Тек бірінші және үшінші декаданың басында кезекті ауа температурасының төмендеуі күтіледі.