Словакияда жаңа президент сайланды

500

0

Фото: Петер Пеллегрини /SITA/Martin Medňanský

Осы жылдың наурыз-сәуір айларында Словакияда өткен президенттік сайлаудың екінші турында ел парламентінің спикері, Hlas партиясынан үміткер Питер Пеллегрини жеңіске жетті, деп хабарлайды Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Словакиядағы сайлау учаскелері сенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-де жабылды. Дауыс беру екінші турға дейін жалғасты. Өйткені екі апта бұрынғы бірінші турда тоғыз үміткердің ешқайсысы 50 пайыздан астам дауыс жинай алмаған.

Бақылаушылар Пеллегрини жеңіске жетеді деп болжағанымен, бірінші турда Словакия Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы басшысы, либералдық оппозиция өкілі Иван Корчок 42,5 пайызбен алға шықты, ал Пеллегрини 37 пайыз дауыс жинаған еді.

Екінші турда Пеллегрини 53,12 пайыз (1 409 255 дауыс) алса, Корчок 46,87 пайыз (1 243 709 дауыс) жинап, екінші орынды иеленді.

«Мен Словакия әрқашан соғыс емес, бейбітшілік жағында болуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын және бұл үшін біреу мені сынға алады деп қорықпаймын», – деді Пеллегрини.

Пеллегрини өзінің қарсыласы Иван Корчокты айтарлықтай басымдықпен жеңгенін айтты. Саясаткер шамамен 5,5 миллион халқы бар және 4,3 миллионнан астам сайлаушысы бар елде 1,4 миллионға жуық дауыс жинай алды.

Ақпарат үшін, Словакияны 2019-2024 жылдар аралығында басқарған Зузана Чапутова 2023 жылдың маусымында екінші мерзімге сайлауға түспейтінін мәлімдеген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<