Тереңөзек кентіндегі №155 дауыс беру учаскесінде алғашқы болып Ұлы отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы ең қарт дауыс беруші, 101 жастағы Яхия Тасыров таңдауын жасады.
Қазыналы қария ақ батасын беріп, сайлаудың сәтті өтуіне ақ тілегін білдірді.
– Бүгін біздер үшін маңызды күн. Бұл күн еліміздің болашағын айқындайды. Бұған дейінгі сайлаулардан да еш қалып көрген жоқпын. Меніңше, әр тұрғын мұндай жауапты кезде бейжайлық танытпауы тиіс. Бүгін балаларым мен немерелерімнің болашағы үшін дауыс бердім. Бастысы, елімізде тыныштық, соның құнын білуіміз тиіс. Сол үшін ойланып, саралап, өлшеп, екшеп, ел болашағы үшін таңдау жасадым, – дейді қарт майдангер.
№155 сайлау учаскесі тарапынан Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровтың иығына шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді.
Өз кезегінде Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан елге аман-есен оралған ардагер батасын берді.
Айта кету керек, аймақта 373 сайлау учаскесі бар. Оның 28-і азаматтардың уақытша болатын орындарында құрылған. 482 мыңнан аса адам өз таңдауын жасауға құқылы. Оның ішінде 1700-ден аса азамат үйден дауыс беруге өтініш қалдырыпты. Ал мына біз тұрған сайлау учаскесіне тұрғындардың қарасы қалың. Көпшілік ерекше көңіл-күймен келіп жатыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<