Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адамдарға ортақ мәселелерді бірге талқылап, оның шешімін бірлесіп табу керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумында CNN журналисі, форум модераторы Ричард Квестің диалогқа шақыратын ашықтық пен төзімділік туралы сұрағына жауап берді.
«Ең әуелі адамдардың әл-ауқатына әсер ететін проблемалардың түп-тамырын анықтауымыз керек. Шын мәнінде, әлем бойынша қарапайым адамдардың өмірі күрделене түсті және біз мұны мойындауымыз керек. Екіншіден, тек тақырыпқа мән берудің қажеті жоқ, біз тереңінен қарастыруымыз тиіс. Ортақ мәселелерді бірге талқылап, оның шешімін табуымыз керек. Менің көзқарасым бойынша диалог, пікір алмасу және ашықтық басым болғаны жөн. Соғыстар мен қақтығыстар идеологиясын тоқтату керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында модератордың сауалына жауап бере тұрып.
Бұған дейін Мемлекет басшысы өзара адалдық таныту арқылы ғана халықаралық қоғамдастық біздің проблемаларымызды шеше алатынын айтқан еді.
Айта кетейік, елордада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<