«Союз МС-22» кемесінің экипажы халықаралық ғарыш стансасына жетті

401

0

«Союз МС-22» пилотты көлік кемесі Байқоңырдан ұшырылғаннан үш сағаттан кейін Халықаралық ғарыш стансасына қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Роскосмостың» баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Союз МС-22» кемесі мен «Рассвет» модулі арасындағы өтпелі есіктер ашылып, 68-ші ұзақ мерзімді экспедиция экаипажы – «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының ғарышкерлері Сергей Прокопьев, Дмитрий Петелин мен NASA астронавты Франциско Рубио бортқа өтеді.

ХҒС-да әріптестерін «Роскосмос» космонавтары Олег Артемьев, Денис Матвеев пен Сергей Корсаков, NASA астронавтары Челл Линдгрен, Роберт Хайнс пен Джессика Уоткинс, сондай-ақ Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Саманта Кристофоретти қарсы алады.

«Циолковский» деген атауға ие болған кемемен ХҒС-ға экипажбен қатар, 120 кг пайдалы жүк жеткізілді. Олардың арасында санитариялық-гигиеналық қамтамасыз ету және медициналық бақылау құралдары, борт құжаттары мен қызметтік аппаратураның шығыс элементтері, космонавтардың киім-кешегі мен жеке заттары, тамақ рационы және азық-түлік, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті құрылғылар бар.

188 тәулік ішінде экипаж Ресей бағдарламасы бойынша ашық ғарышқа 5 рет шығып, екі «Прогресс» жүк кемесін қабылдап, ғылыми-қолданбалы зерттеулер циклін атқаруы керек.

Айта кетсек, кеменің Байқоңырдан ғарышқа көтерілгені қазақстандықтар үшін қызықты көрініс болды. Ел тұрғындары оптикалық көріністің фотолары мен видеоларын әлеуметтік желілерге жарыса жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<