Солтүстік Аралдағы су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр – ҚР СРИМ

5

0

Фото: primeminister.kz

Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жоспарлары туралы ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгін Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Солтүстік Аралды қалпына келтіру бойынша жоспарларды баяндаған.

– Қазіргі таңда Солтүстік Арал теңізінің су көлемі шамамен 23 миллиард текше метр. Алдағы жоспарымыз – Солтүстік Аралды қалпына келтірудің екінші кезеңін іске асыру. Бұл жоба аясында теңіздегі судың көлемін жобалық 27 миллиард текше метрден 34 миллиард текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Қазір осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Нұрлан Алдамжаров.

Бірінші вице-министр баяндамасында Сырдария өзені бассейніндегі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылдың 15 қарашасында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару туралы жаңа келісімге қол қойылған. Бұл құжат су ресурстарын кешенді басқаруға және ұзақмерзімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

– Су пайдалануды үйлестіру және су қоймаларының жұмыс режимдерін келісу бойынша қабылданған шаралар өңір экологиясына, соның ішінде Солтүстік Арал теңізінің сауықтыруына оң әсерін тигізіп отыр. Бұл мемлекетаралық келісілген шешімдердің тиімділігін көрсетеді, – деді ол.

Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, су тапшылығы байқалған кезеңге қарамастан, соңғы үш жылда Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін келісу және мемлекетаралық келісімдерді қатаң сақтау нәтижесінде Солтүстік Арал теңізіне 6 текше километрден астам су жіберілген.

Нәтижесінде Солтүстік Арал теңізінің көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 текше километрден қазіргі уақытта 23 текше километрге дейін ұлғайған.

Бұған дейін Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңі әзірленіп жатыр. Онда Көкарал бөгетін қайта құру және теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру көзделгенін жазғанбыз.