Облыстық сот ғимаратында музей ашылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шараға сот төрағасы Қамбар Нұрышев, сала ардагерлері, облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Қамбар Нұрышев ұлттық құндылықтарын құрметтеген елдің мерейі үстем екенін айта келе, музейдің маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі технологияның қарқыны күн санап дамығанын тілге тиек еткен сот төрағасы алдағы уақытта музей жұмысының да цифрлы жүйеге көшетінін айтты. Сондай-ақ, музейдің ашылуына атсалысқан әріптестеріне алғысын білдіріп, марапаттады. Алдағы уақытта онда құнды деректер мен жәдігерлер қатары толықтырылатынын жеткізді. Мұнан кейін музейдің қызыл лентасы қиылып, жиналғандар ондағы құнды дүниелермен танысып шықты. Сала ардагерлері де игі істің кейінгі жастар үшін маңызы зор екенін айта келе, еліне, халқына адал, әділ қызмет еткен жандардың есімі музейде сақталатынына қуанышты екендіктерін жеткізді.
Музейдегі 20 стендте Ақ Орда дәуірінен бастап, қазақ қоғамындағы дала заңдары, Қазақ хандығының құрылуы, билер дәуірінің өркендеуі, Алаш арыстары жайлы, қазақ елінің астаналары, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер, Тәуелсіздік алып, егеменді ел атанған тұстар жайында кеңінен ақпарат берілген. Сонымен қатар Қазақстандағы дербес сот билігі, ҚР Судьялар Одағы, облыстық сот төрағалары мен ардагерлер жайлы деректер де орын алды. Мұнан өзге облыстық қала және мамандандырылған соттар туралы тарихи деректер, облыстық соттың ұйымдастыруымен өткен түрлі іс-шаралардан хабар беретін мағлұматтар қойылды.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<