Сурет ашық дереккөзден
Астана қалалық соты Қайрат Боранбаев пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қайта қарап, шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкім шығарды. Т.Жанұзақ ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-тармағының 4-бөлігі және 55-бабы 4-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қ. Боранбаев пен Р. Наханов ҚР Қылмыстық кодестің 28 – бабы 5-бабы, 189-бабы 4-бөлігі, Қылмыстық кодекстің 2-тармағы 218-бабы 3-тармағы 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Олардың мүліктері тәркіленіп, әрқайсысына 6 жыл жаза тағайындалсын», – деді сот коллегиясының төрағасы Айсұлу Сламбекова үкімді оқи отырып.
Одан бөлек, судья Қайрат Боранбаевқа берілген мемлекеттік наградалар мен атақ-дәрежелерден айыру туралы Президентке ұсыныс білдірілетінін айтты.
«ҚР Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігі негізінде Қ. Боранбаев пен Р. Нахановтың мүліктерін тәркілеп, мемлекеттік қызметте, судьяда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде, оның ведомстволарында, реттеу бақылау және реттеу жөніндегі уәкілетті органдарда, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын, мемлекеттік ұйымдарды және квазимемлекеттік сектор субъектілерін қадағалау қызмет атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын», – деді ол.
Еске салсақ, 2022 жылы 17 наурызда соттың шешімімен Қайрат Боранбаев 2 айға қамалған еді.
Кейін Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың сыртқа заңсыз шығарылған активтері қайтарыла бастағаны хабарланды.
Айта кетсек, Астанада Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы былтыр 30 желтоқсанда басталды.
28 наурызда өткен сот отырысында прокурор Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады.
31 наурыз күні Қайрат Боранбаев сот алдындағы соңғы сөзін айтқан еді.
Сот шешімімен Қайрат Боранбаевқа 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Кейін сот Қайрат Боранбаевтың тергеу органдарымен мәмілеге келуін қанағаттандырды.
Күні кеше Қайрат Боранбаевтың құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді мемлекетке қайтарғаны белгілі болды.
Бүгін түске дейін болған сот отырысында прокурор Қайрат Боранбаевқа 6 жыл беруді сұраған еді.
Одан бөлек, Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаевпен процестік келісім жасағаны белгілі болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<