Сот үкімін орындаған Төреғали: Міне, ұлы дала баласы ұлы даланы «сыпырып» жатыр…

657

0

Сурет: Instagram/toregalitoreali

40 сағат қара жұмысқа жегілген белгілі әнші Төреғали Төреәлі сот тағайындаған жазаны қалай өтеп жатқанын көрсетіп, желідегі парақшасында видео жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz

Әнші Instagram-дағы парақшасында қолына сыпырғыш пен тырма ұстап, қаладағы саябақтардың бірінде жапырақтарды сыпырып жүрген видеосын жариялады. Видео сипаттамасына әнші ақын Қадыр Мырзалиевтің өлеңінен үзінді келтірген. Өзі көңілді.

«…Түске дейін бағана саябақта болдық. Енді осы жерді тазалап жатырмыз. Бұл менің тәуелсіз Отаным, тәуелсіз елім, тәуелсіз жерім, тәуелсіз Қазақстаным. Әлбетте, әнұраны, көк туы бар елдің міндетті түрде заңы болады. Ол заңның алдында барлығымыз бірдейміз. Оған бағынуымыз керек. Міне, ұлы дала баласы ұлы даланы «сыпырып» жатыр. Мұның еш әбестігі жоқ. Керісінше, тазалық сақтау сүннет. Өз жатқан-тұрған жеріңді таза ұстау, ертең ас ішетін ыдысыңды бүгін жуып қою деген тазалық. Ал тазалық иманнан емес пе?», – дейді әнші видеода.

Полиция 14 маусымда жол ережесін бұзған Төреғали Төреәліні ұстады. Әнші өзін агрессивті ұстап, полицейлерге бағынбады, дөрекі сөйлеп, оқиға орынан кетуге тырысты. Сараптама нәтижесі бойынша, ол есірткіге елітіп алған.

Әнші 20 күнге қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Кейін қамауға алу мерзімі полицияға бағынбағаны үшін ұзартылды. Қыркүйек айының соңында Төреғалидың тағы да сотқа тартылатыны белгілі болды. Бұл жолғысы оны ұстау кезінде полицейлерді қорлағаны үшін. Сот жеңілдететін жағдайларды ескеріп (Төреғалидың асырауында бес жас баласы барын), оған 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<