СҚО: Биыл «Серпін» бағдарламасымен екі мыңнан астам жас білім алды

600

0

Фото: euronews.com

Биыл «Серпін» бағдарламасының басталғанына он жыл. Осы аралықта Солтүстік Қазақстан облысында 2 237 адам білім алды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2014 жылы ашылған «Серпін-2050» бағдарламасының мақсаты – еліміздің жұмыс күші артық өңірлеріндегі жастарды оқыту және жұмысқа орналастыру болды. Жастар Солтүстік Қазақстан облысындағы колледждерде, жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік алды.

«2022 жылдан бастап «Серпін-2050» бағдарламасының атауы өзгертілді. Белгілі бір квоталар бойынша студенттер қабылдайтын болдық. «ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударушы ауыл жастары» деп аталады. Осы квота бойынша бүгінде 80 студент білім алып жатыр.

Жалпы, 2014 жылы 138 студент оқуға түсті. Жастардың 80 % – қазіргі Түркістан облысынан болды. Қалғандары Қызылорда мен Алматы, Маңғыстау облыстарынан. Содан бері, яғни 2014-2022 жылдар аралығында университетте 1624 студент оқыды. Қазіргі уақытта осы бағдарламамен 143 студент оқып жатыр. Соның 72-сі – 4 курста оқиды. 71-і – 3 курста оқиды», – дейді Kоzybayev university басқарма төрағасы-ректордың кеңесшісі Жанар Таласпаева.

Қазір батыстан және халқы тығыз орналасқан өңірлерден келетін жастарға арнайы квота бар. Бұл квотамен жергілікті университетте 14 студент білім алып жатыр.

«Осы уақытқа дейін «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік өңірлерден келіп оқыған студенттер бойынша статистикаға жүгінетін болсақ, бұл жастар көбіне педагогикалық мамандықтарды таңдайды. Сонымен қоса инженерлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы бағытындағы және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандықтары бойынша оқиды.

«Серпін», жалпы квотамен оқып жатқан студенттерге бар жағдай жасалған. Олар 100 % жатақханамен қамтылады. Қазір 5 жатақханамыз бар, қосымша тағы екеуі салынып жатыр. Сондықтан бізде студенттер арасында жатын орынмен айтарлықтай мәселе жоқ. Десек те, квотамен түскен жастар бірінші кезекте қамтылады», – дейді Жанар Таласпаева.

Маманның айтуынша, бұдан басқа теміржол көлігімен барып-келу – жол шығыны өтеледі. Шәкіртақы алады. Ал оқу бітіргеннен кейін осы өңірде жұмыс істеуге қалатын болса, оларды жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері де шешіледі.

«Соңғы 4-5 жылдан бері бұл бағдарламамен оқыған студенттер біздің өңірде қалуға міндеттелмейді. Бірақ Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында олар жұмысқа орналаса алады. Тағы да статистикалық дерекке сүйенер болсақ, оқу бітірген студенттердің 65 % жұмысқа орналасқан. Өйткені олар жұмысқа орналасқан уақытта бізге анықтама қағазын жіберуге міндетті. 25 % магистратураға оқуға түседі. 10 % жүктілікке немесе 3 жасқа дейінгі нәрестесінің болуына байланысты жұмыстан босатылады. Сондай-ақ тұрмысқа шығып, жұбайлары жоғары білімді болса, онда күйеуі жұмысқа орналасқан өңірге аттанады», – дейді университеттің басқарма төрағасы-ректордың кеңесшісі Жанар Таласпаева.

СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы аясында өңір колледждеріне Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан 585 студент оқуға түскен, оның 470-сі оқуды аяқтаса, 69 адам СҚО-да қалып, 61-і жұмысқа орналастырылды. 8 жас жергілікті университетте оқуын жалғастырды.

Жастар облыстың 7 колледжінің базасында ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, білім беру, қызмет көрсету салалары – 15 мамандық бойынша білім алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<