Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті.
Жиында статистика саласында ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек еткен, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментіне қарасты Арал ауданының статистика бөлімін абыроймен басқарған Еламан Сәдібекұлы Қапановты құрметті еңбек демалысына шығарып салу рәсімі өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде тәжірибелі маман, білікті басшы Еламан Сәдібекұлының саладағы сүбелі еңбегіне жоғары баға беріп, оның еңбек жолына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ ауданның ең жоғары марапаты – Арал ауданының Құрмет грамотасын табыстап, иығына дәстүрлі шапан жапты.
Басқосуда білім саласының ардагері, Арал ауданының Құрметті азаматы Ә.Әуезов пен аудандық мәслихат төрағасы Б.Төрахметов пайғамбар жасқа жетіп, ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп, зейнет демалысына шыққалы отырған Еламан Сәдібекұлын мерейлі жасымен құттықтап, лебіздерін білдірді.
Көрсетілген ерекше құрметке ризашылығын білдірген Еламан Сәдібекұлы қызмет атқарған салада жинақтаған мол тәжірибесімен алдағы уақытта да бөлісуге дайын екенін атап өтті.
Арал ауданы әкімдігі






