1 сәуірден бастап облыс бойынша балаларды 1-сыныпқа қабылдауға бүгінде 6289 өтініш түсті. Оның ішінде 90,1%-ы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бүгінгі брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов мәлімдеді.
Облыс көлемінде бірінші сынып оқушыларының құжаттары «электронды үкімет» веб порталы арқылы қабылданады. Электронды түрде қабылдау мүлде мүмкін болмаған жағдайда ғана қағаз түрінде қолма-қол жүзеге асырылады.
Мектепке 6 жасқа толған және биыл 6-ға толатын балалар қабылданады. Айта кету керек, баланың жасы 1 қыркүйекте толық 6 жаста болса ғана қабылданады. Ал баланың жасы жетпесе тек ата-анасы немесе заңды тұлғалары қалаған жағдайда мектепке бару мүмкіншілігі бар. Ережеге сәйкес 1-сыныпқа қабылдау кезінде алдымен қызмет көрсету аумағынан өтініш білдірген 3 үміткер, содан кейін басқа аумақтан 1 үміткер қабылданады. Білім беру ұйымдары міндетті көрсетілген тізбеден тыс құжаттарды тапсыруды өтініш берушіден талап етуге құқығы жоқ. Сонымен қатар мектепке қабылдану үшін ешқандай емтихан тапсырылмайды, – деді Бағдат Камбозұлы.
Жалпы, Сыр өңірінде 2023-2024 оқу жылында 1-сыныпқа 17 615 оқушы қабылданады деп күтілуде. Құжаттарды қабылдау 1 тамызға дейін жүзеге асырылады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<