Сырда отырған кезіміз, шамасы 6-7 жастамын. Бұл – өткен ғасырдың 60-жылдары. «Малды көр!» деген көкемнің қатқыл даусынан атып тұрып кепеден сыртқа шықтым. Қыс ауасы, айнала аппақ қар, тып-тыныш. Көз ұшында жайылып жүрген малды бір шолып, кері бұрыла бергенімде:
– Әй бала! – деген дауысқа жалт қарадым.
Аңдамай қалыппын, 7-8 шақырым жердегі «Бесарық» бекеті жақтан есек мінген сақалды үлкен кісі таяқ тастам жерге келіп-ақ қалған екен.
– Ассалаумағалейкүм, – деген сәлемімді де алмай, «Кімнің үйі?» деп жаураған бойынан қарлыққан дауыс әрең шықты.
– Абибулланың үйі. Дауысым қаттырақ шығып кеткеніне аздап ыңғайсызданып қалдым. Сақалына қырау тұрып, мұз қатқан үлкен кісі:
– Әкең үйде ме? – деп асығыс сұрақ қойды да, есегін жақын тұрған қазыққа байлады. Жарты қаптай дәнді құшақтай көтеріп, «иә» деген жауабымды естімегендей үйге қарай беттеді. Артынан мен де кірдім. Кепенің дәлізінен өтіп ішкі бөлмені ашып, «Ассалаумағалейкүм» деген дауысы саңқ ете қалды. Көкем де жалма-жан «Уағалейкүмассалам» деп, қартты қуана құшақтап қарсы алды. Амандасып жағдай сұрасып болғаннан соң:
– Мына қабыңыз не? – деді. Көкемнің сұрағына әлгі ата:
– Ооо, Абибулла, бұл – сенің әкең Асанбек байдың дүниесі, – деп күлімсіреді. Асанбек бай деп отырғаны менің атам. Ойда-жоқта олжалы болғандай көкем:
– Ойбой, Жандеке, онда көп дүние болды ғой қабыңызда, – деп екеуі мәз болып күліп алды. Жағдай сұрасып, шай ішіп, жылынып алғаннан кейін Жандарбек ақсақал осыдан қырық жыл бұрынғы оқиғаны бяндай бастады.
– Сенің әкең Асекеңнің есігінде жеті отбасы, біреуі жылқысын, үш отбасы қойын, сиырын бақтық. Ал мен, Пірімқұл, Әбдіраш үшеуміз су диірменін жүргізіп, бау-бақшасын баптап, қора-қопсысын жөндеп, сол үйдің бар тірлігін атқарып, айма-ай ақымызды алушы едік. (Бұл кәмпескеге дейінгі, 1927-1928 жылдар болса керек). Абибуллажан, оны өзің жақсы білесің, ол кезде дардай жігіт едің ғой, – деп аздап күрсінді.
Көкем де «иә» деп басын шұлғып қоштап отыр.
– Бір күні Асекең алысқа бір асқа кететін болып, барлық жұмысты бізге бөліп беріп, астықхананың кілтін кемпіріне тапсырды. Өзі көрші ауылдың шенді-шекпенділерімен жиынға кете барды.
Жеңгеммен қалжыңдап ойнайтын мен астықхананың бір бұрышында мыжырайып жатқан қаптағы ақ жүгеріні «маған бере қал» деп қоймай сұрадым. Жеңгем: «Өзің көкеңнен сұрап қалмадың ба?» деп шалынан қаймыққандай болып еді, қалжыңдап, қолпаштап, «жеңеше-жеңешелеп» ақыры көңілім құлаған қапшықты алып кеттім. Ақ жүгеріні үйге әкеліп түйіп, көже істеп, жанымдағыларды шақырып, әңгіме-дүкен құрып, мәз-мейрам болып ас іштік, – деп төмен қарап бір жымиып алды.
– Арада екі күн өткеннен кейін, сәске түсте Асанбек көкем сол қаптағы жүгеріні жеңгемнен сұрап жатқанының үстінен түсіп, шошып кеттім. «Ұрықтыққа Сайрамның сарттарынан алдыртып едім. Кілтті Әбдірашит ұстап жүргенде, дәнхананың бір шетіне бөлек қой деп тапсырғанмын. Сенің одан хабарың жоқ екен ғой, – деп, кемпіріне қатты дауыс көтеріп тұрғанын естідім. Сол сәтте жеңгем «Қапты көрген жоқпын» деп күмілжіді. Оның жалған жауабын естіп, қаша жөнелдім.
Түстен кейін шөп шабуға барғысы келмей тұрған Мұстафаның орнына мен барамын деп үйден алыстап, үш күндік тамағымды алып кете бардым. Шапқан шөбімізді дестелеп әрі бас-көз болып, отырып-тұруымызға бұйрық беріп жүрген Әбдіраш кенеттен:
– Әй Жандарбек, піспеген кекірені де қосып шаба беріпсің (кекіре піспесе мал уланып қалады), көзің әз болып кетті ме? – деп шап ете қалғанда, кетпенмен не шауып, не қойғанымды білмей де қалыппын. «Кекіре пісіп ащысы кеткен жоқ па?» деппін сасқанымнан жалма-жан.
Ат арбаның тасалау жағында, шөптен көрінер-көрінбес жерде жыртиып қана «сен тимесең, мен тиме бадырақ көз» деп сүтке тиген мысықтай бұғып келемін. Шаршап келе жатқан адамға қалып шөпті түсіру, оны көдеге қосып жинау, қиынның-қиыны емес пе?! Бұл жұмысқа да өз еркіммен келісе кеттім.
Күн батып, таң атты, арықтағы мұздай суға бір сүңгіп алайын деп астықхананың жанынан өте бергенімде алдымнан жүгері берген жеңгем жарқ етіп шыға келмесі бар ма?
– Әй бала, Асекең жүгеріні сұрап жатыр, мен «балалардан сұрайын» деп әрең құтылдым. Оны неғылдыңдар, бар ма? – деп жанары жасқанғандай мұңайды.
Әншейінде қалжыңдап ойнай салатын жеңгемнің алдында төмен қарап, ақ жүгерінің келмеске кеткенін аңғартқандай болдым.
– Жеңше, көкеме шынымызды айтып біржола құтылайық та, – дедім қайраттанып. Алайда сол ақ жүгері тақырыбы қайта қозғалмады, Абибулла, – деді Жандарбек ата. – Кейінгі кезде қайта-қайта сырқаттанып жүрмін, мойныма қарыз болмасын, шамамның барында қарыздан құтылайын, – деп дәл сондай ақ жүгеріні, салмағы да шамалас, қапқа салып алып келіпті.
Сол оқиғадан кейін қырық жыл өтсе де, қарыздан құтылайын деген ойынан шықпаған. Берешегін берейін деп Түркістаннан келген беті екен Жандарбек атамның. «Елу жылда ел жаңа» деген, қазір айтып отырған адамдарының барлығы бұл фәниде жоқ.
«Бесарық» стансасынан түсіп, ағайындардан есек сұрап алып, біз отырған кепеге арнайы келіпті.
Асықпай қаптың аузын ашып, аттың тісіндей аппақ, тап-таза жүгеріні қолымен араластырып, көкірегін керіп, кеудесін көтеріп, демін терең алып, мойнынан ауыр жүк түскендей марқайғаны көз алдымда.
Осы оқиға еске түссе, сол заманның адамдарының ақ жүректі адалдығына, имандылығы мен сертке беріктігіне таңғаламын. Қырық жыл өтсе де, жарты қап жүгеріні қарыз болмасын деп, әуелі пойызбен, бері қарай есекпен арқалап келгені осының дәлелі емес пе?! Не деген тектілік?! Қазаққа тән үлкенді сыйлау, адамгершілік пен жауапкершілік.
Қазір жарты қап жүгері тұрмақ, миллиондап қарыз алған ағайынның бір-бірімен араздасып жүргенін көргенде бала кездегі осы бір жайт еріксіз еске түседі.
Үмбет АБИБУЛЛАЕВ,
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы






