Мемлекет басшысы атап өткендей, әділетті Қазақстанды құру жолында адам құқықтары мәселесіне баса мән беріліп жатыр. Бұл бағытта түрлі жаңашылдық қолға алынды. Соның бірі – Конституциялық Соттың құрылуы, Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебеге ие болуы. Дегенмен, әрбір азаматтың ең негізгі құқықтарының бірі – дауыс беру құқығы.
Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен елеулі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жалғасын табуда. 19 наурызда елімізде Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы өтеді. Бұл сайлау – алдағы айдың саяси-ақпараттық күн тәртібінің басты оқиғасы әрі мемлекет тағдырына тікелей әсер ететін жауапты қадам. Оған қоса, бұл сайлау бұрынғылардан кейбір өзгерістерімен ерекшеленеді.
Айталық, бұл жолғы саяси доданың басты артықшылығы – сайлаудың аралас сайлау жүйесі бойынша өтуі. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізімнің пропорционалдық жүйесі бойынша, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша іріктелетіні мәлім. Бұл ретте саяси сауаты салмақты азаматтар аралас сайлаудың артықшылығын жақсы түсінуге тиіс.
Біз сайлаушы ретінде бұл жаңашылдықтан көп үміт күтеміз. Айтары, өз ұстанымы бар көптеген азаматтар өз кандитатурасын ұсынып жатыр. Бұл Қазақстанның саяси жүйесінің жаңаруының көрсеткіші екенін атап өткім келеді.
Әлемде кемшіліксіз сайлау жүйелері жоқ екенін де естен шығармаған жөн. Сайлаудан сүрінбей өткен халық қалаулысы бар ерік-жігерін ел игілігіне жұмылдырғаны абзал. Әдетте Үкіметті көп сынаған депутат ерекше көзге түсуі мүмкін. Бірақ бұл депутаттың жұмыс көрсеткіші емес. Ұтымды ұсыныс айту, терең білім, саяси сарап аса маңызды. Халық популизм мен кәсіби біліктің ара салмағын ажырата алуға тиіс.
Оған қоса, сайлауға 7 партия үміткер болып отыр. Бұл да үлкен саяси өзгеріске бетбұрыс белгісі. Сондықтан саяси науқанда партиялар арасында қызу тартыс болса, сайлауда лас технологиялар қолданылмаса, дейміз.
Парламент пен жергілікті мәслихаттарға халық таңдаған үміткерлер сайланса, қоғамымыз үшін үлкен саясси өзгерістерге апаратын жол болар еді. Бір сөзбен айтқанда, Әділетті Қазақстан құрудағы сапалы қадам осы сайлауда білінеді деп сенемін.
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<