Әрбір жоба халық игілігі үшін

757

0

Биыл Қызылорда облысында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мәселен, жол картасының экономиканы дамыту бағыты бойынша жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қолдау үшін 198 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға 722 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Бұл туралы облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Оңғарбаев айтты.

– Сайлауалды бағдарламамыздағы жол карта іс-шаралары қарқынды іске асырылуда. Айталық, қазір ауыл шаруашылығында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, су үнемдеу технологиясын қолдануды ұлғайту, «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында мемлекет меншігіне жерлерді қайтару, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұдан бөлек, инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту жайы да біршама жүйелінді. Мәселен, елді мекендерді газдандыру бойынша 25 жоба іске асырылуда. Оның ішінде қала маңындағы  Абай, Досан елді мекенін газдандыру жұмыстары да бар. Бүгінде 3 елді мекеннің, яғни, Ақсуат ауылдық округінің Махамбет және Жаңақорған ауданының Ақүйік ауылдық округіндегі Бірлік және Қыраш ауылдық округіндегі Қызылмақташы елді мекендері газдандырылды. Жалпы өңірде 219,7 шақырым газ құбыры жүргізіліп, 13 мыңға жуық тұрғын көгілдір отын игілігін көруде, – деді А.Сақыпұлы.

Көлік инфрақұрылымындамытуда да жаңалық аз емес. Қызылорда қаласы мен аудандардағы елді мекендердің 72,5 шақырым көшесі мен жергілікті маңызы бар 86,7 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау және спортқа қолжетімділікті арттыру бағытындағы жоспарлы жұмыстар да бақылауда. Жол картасына сәйкес, 2023-2027 жылдар аралығында Сыр өңірінде 26 мектеп салу және 4 мектепке қосымша құрылыс жүргізу жоспарланған.

– Қазір аймақта 6 апаттық мектеп және Қызылорда қаласында үш ауысымда оқытатын 6 мектеп бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде салынатын 21 мектеп есебінен апаттық мектептердің төртеуінің мәселесі шешім табады. Қалған 2 мектеп бойынша, атап айтқанда Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі апатты мектептің құрылысы жеке демеуші есебінен жүргізілуде. Нысан биыл пайдалануға беріледі. Шиелі ауданы Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық мектептің құрылысы «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен қаржыландыруға ұсынылып, қолдау тапты. Нәтижесінде апаттық мектептердің мәселесі 2025 жылы толық шешіледі деп жоспарлануда, – деді депутаттық фракция жетекшісі.

Бұған қоса, үш ауысымда оқытатын білім беру ұйымдары мәселесін шешу үшін облыс орталығындағы 4 мектептің жанынан 1850 орынға лайықталған қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Қалған 2 білім нысаны биыл пайдалануға берілетін Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық жаңа мектеп есебінен шешіледі. Осылайша биыл үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі деп күтілуде.

Бұдан бөлек, аудандардағы орын тапшылығын шешу үшін жыл соңына дейін жаңа 3 мектеп  пайдалануға берілмек. Орайы келгенде айта кетейік, 2023-2027 жылдары 14 спорт нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде биыл республикалық және облыстық бюджет есебінен қала мен 7 ауданда 12 нысан құрылысы және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ демеушілігі есебінен Қызылорда қаласы Махамбет ауылында спорт кешенінің құрылысы жүруде. Жалпы бұлардың ішінен 2 спорт нысаны ел игілігіне берілсе, 9 спорт нысанын жыл соңында пайдалануға беру жоспарда тұр. Қалған 2 нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.

Айтпақшы, денсаулық сақтау саласы бойынша 27 нысан құрылысын жүргізу  жоспарланған. Оның 16-сы биыл, қалған 11-і келер жылы іске асырылмақ.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<