Шиелі ауданы, Бәйгеқұм аулындағы № 125 М.Әуезов атындағы орта мектепте қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуы құрметіне арналған «Дәуірдің дара тұлғасы» атты іс-шара өткізілді.
Ол Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастау алып, спорттық турнирмен жалғасын тапты. Мектеп фоэсіне «М.Әуезов – ұлылық үлгісі» атты көрме қойылған. Мұнда жазушының кітаптары мен түрлі жиындардағы фотолары бар.
Ал актив залындағы іс-шара мектеп оқушылары сахналаған «Қараш-қараш» оқиғасынан үзінді қоюмен бастау алды. Сондай-ақ, бейнероликте «Бала Мұхтардан дана Мұхтарға дейін» атты жазушының өмір жолының тізбесі көрсетілді.
Мұнан соң сахнаға көтерілген айтыс ақындары Рахметулла Жолтаев пен Талған Күзембаев бүгінгі тақырып бойынша өздерінің арнау жырларын орындады. Мектеп көркемөнерпаздары да шараның қызықты өтуіне күш салды. Көрермендер «Аналар» ансамблінің де өнеріне тәнті болды. Мектеп өнерпаздары Жансұлу Құрбанғалиқызының дирижерлығымен Талғат Нағашыбаев пен Дүйсенбек Аяшұлының әні мен сөзіне жазылған «Ерлік үні» хорын әсерлі орындады.
Жиын барысында мектеп түлектері атынан теолог Бақтияр Оспанов өзі оқыған білім ордасының заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімін иеленгені шәкірттердің мақтаныш сезімін оятатынын айтып, естеліктерді ортаға салды. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары, осы мектептің 1990 жылғы түлегі Айтбай Жандарбеков, білім саласының ардагері Нәйла Палымбет, ардагер Исабек Байкенжеев және ауылдық округ әкімі Дәулет Әбжаппаров өз пікірлерін білдірді.
Сол күнгі жиынның көркін қыздырған білім саласында қызмет істейтін жастардың М.Әуезов шығармашылығына арнаған өлеңдері сарапқа салынған мүшайра болды. Қазылар алқасының шешіміміен бірінші жүлде № 50 Абай атындағы мектептің ұстазы Нұрила Молдабаеваға бұйырса, екінші орынды Сандуғаш Мырзаханқызы, үшінші орынды Дәулет Мұсаев иемденді.
Іс-шараға қатысушылар осы мектеп құрылысы толық аяқталмай қалғандықтан 1999 жылы бүкіл аудан халқы жұмылып, асар әдісімен пайдалануға берілгенін, осы жұмысқа бас болған сол кездегі аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаевтың еңбегін, мектеп директоры болған Сапархан Мұратовтың біліктілігін, ауыл адамдарының ауызбірлігін ерекше құрметпен еске алды. Сол уақыттан бері мұнда қаншама шәкірт тәрбиеленіп, түрлі салада еңбек етіп келеді. Оларға тәлім-тәрбие берген мұғалімдердің жетістіктері, жекелеген ұстаздар мен шәкірттердің қол жеткен табыстары да ортаға салынды. Осы орайда бірқатар ардагерлер мен ұстаздар қауымына арнайы жасалған мерекелік медаль табысталды.
Мектеп директоры Нұрлан Батырбековтің ұжымды біліктілікпен басқарып, оқу-тәрбие жұмысын бағадарламаға сай жүргізіп келе жатқанына ризашылық айтылды. М.Әуезов атындағы мектебіндегі іс-шара жоғары деңгейде өткізіліп, келушілер тарапынан жақсы баға алды. Әрине, бұған мектеп басшылығы мен ұжым мүшелерінің ізденімпаздығы мен ынтымақты жұмысы игі әсерін тигізді деп айтуға болады.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<