ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Сыр еліне сапары кезінде Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің редакциясына арнайы барып, журналистердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Кездесуде министр Қызылорда өңірінде руханияттың туы әлі де биік, қадірі үстем екенін айтты. Сондай-ақ Сыр журналистикасының орны ерек екенін, тарихы тереңде жатқанын жеткізді. Күре жол бойында қоныс тепкен аймақтың қалаларында, елді мекендерінде газет тасымалы мәселесі оңтайлы шешілгенін атап өтті. Осы бағытта басылымдарды өзі шығарып, өзі тарататын «Сыр медиа» серіктестігінің жұмысын үлгі етті.
Бұдан кейін «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев дәстүрлі медиа мен жаңа медианы үйлестіре отырып, серіктестік қызметін дамытуға күш салынып жатқанына тоқталды. Ал Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова 90 жылдық тарихы бар газеттің жай-күйін баяндап, редакция журналистерінің жұмысын сараптап өтті.
Кездесу барысында министр Дархан Қыдырәліге аудандық газеттің тілшілері көкейіндегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Олар жобасы әзірленіп жатқан масс-медиа туралы заңда журналистер мәртебесі айқындалса деген тілегін жеткізді.
Басқосу соңында бас редактор Баян Үсейінова министр Дархан Қуандықұлына «Жаңақорған тынысы» газетінде шыққан үлгілі материалдардан топтастырылған «Дәуір айнасы» жинағын тарту етті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<