Ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсартуды тапсырған болатын. Бүгінде сол жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып, оның жемісін қазір ауыл халқы көріп отыр десек те болады.
Осы ретте ауыл медицинасының бүгінгі ахуалы жайлы Жалағаш аудандық ауруханаға қарасты Мырзабай ахун ауылы дәрігерлік емханасының медағасы Самұрат Тұңғышбаевпен әңгімелескен едік.
Кейіпкеріміз медицинадағы еңбек жолын өзінің туған жері Мырзабай ахун ауылында мейіргерліктен бастаған. Жас болса да ол еңбек жолында ауыл халқына ем беріп, «COVID-19» пандемиясы кезінде балалардың «қызыл аймағында» бала дәрігері ретінде кезекшіліктер атқарды. Қазір ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп, елді мекендегі медициналық мекемеде 13 жылдық тәжірибесі бар мықты маман атанған.
Ол Түркістан қаласында медициналық оқу орнында білім алып, фельдшердің дипломы қолына тиген сәттен бастап жұмысқа кіріскен. Қазіргі кейбір жастар секілді үлкен қалада жұмыс істеу ойына да келмепті. Дипломды алып, дереу туған ауылына жол тартқан.
Өзінің айтуынша, қалалық жерде медициналық маман жеткілікті, ал ауылдық елді мекендерде дәрігерлер тапшы. Сондықтан туған жерге тер төгуді жөн көрген. Міне, елінің патриоты Самұрат осылайша туған жерінде адал еңбек етіп, сый-құрметке ие болуда.
Айта кетейік, Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы арқылы өткен жылы ауылда жаңа амбулаториялық емхана салынды. Жаңа емхана барлық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ауылдағы жаңа емханада 7 медициналық маман қызмет етеді. Бір сөзбен айтқанда, халықты емдеуге барлық жағдай жасалған. Кейіпкеріміз бүгінде жаңа ғимаратта күніне 7-8 ауыл тұрғынын қабылдап, ем-дом жасайды.
Н.Ораз
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<