Облыс аумағындағы елді-мекендер мен шаруа қожалықтарында жеке басын куәландыратын құжатсыз және ескі үлгідегі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының паспортымен жүрген 67 адам анықталды. Осы орайда, олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы үшін тиісті жұмыстар атқарылды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Сана сезім» қоғамдық қорының заңгері Элина Еникеева айтты.
Аталған жұмыстар 2016 жылдың қаңтар айынан бастап «Сана Сезім» ӘБҚО қоғамдық қоры және Біріккен Ұлттар Ұйымы мен облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі құрылымдарымен бірлесіп «Азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және оларға құқықтық көмек көрсету» жобасы аясында жүзеге асып келеді.
БҰҰ босқындар істері жөніндегі агенттігінің өкілі Шолпан Олжабаеваның айтуынша, ҚР Ішкі істер министрлігінің операциялық жоспарына сай бекітілген меморандумға сәйкес біршама жұмыстар атқарылды. Шет елден келген қандас мәртебесін алған 50 азамат жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.
Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Қамитбеков 2 азаматқа жеке басын куәландыратын құжат табыстады. Олардың бірі 42 жасына дейін құжатсыз жүрген Сырдария ауданының тұрғыны Қанат Телғозиев. Оны «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы анықтаған.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»





