Балалар ауылы түлектеріне білім гранты табысталды

842

0

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында «Көк аспанда күн күлсін, бірге күлсін бүлдіршін» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.

Бақыт пен шаттықтың ордасы «Атамекен» ауылының құрылғанына биыл – 7 жыл. Бүгінде мұнда «Сарыарқа», «Байқоңыр», «Ақжайық», «Мадияр», «Оқжетпес», «Ұлытау», «Үшқоңыр» отбасының балалары тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Мерекелік шарада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай мектеп бітіруші түлектерге білім грантын табыстады. Грантты биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын Нұршат Нышанова мен Әділет Мәді иеленді.

<strong>Балалар ауылы түлектеріне білім гранты табысталды</strong>

– Балалар –  жарқын болашағымыз. Оларға қамқор болу, жақсы тәрбие мен білім беру – біздің басты міндетіміздің бірі. Тәуелсіз еліміздің кішкентай тұрғындары қазір алаңсыз ғұмыр кешіп, сапалы білім алып, қабілеттерін дамытуда деп айта аламын. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының түлектеріне жыл сайын дәстүрлі түрде білім грантын тағайындайды. Бұл өз кезегінде олардың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына үлкен қолдау болып саналады, – деді Жандос Нұртайұлы.

Сондай-ақ, салтанатты шарада университетке бекітілген «Ақжайық» отбасының балаларына қызықты кітаптар сыйлыққа берілді.

Университеттің «Экономика және басқару» кафедрасының әлеуметтік жұмыс мамандықтарын даярлау мақсатында балалар ауылында филиалы жұмыс істейді. Профессор-оқытушылар және білім алушылар тарапынан мереке күні түрлі топтағы балаларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Жиында барлық отбасы балаларының жетістіктері таныстырылып, ортада шерумен жүріп өтті.

Айталық, «Ақжайық» отбасының мүшесі, 7-сынып оқушысы Малика Байтілеуова – «Оқуға құштар ауыл» жобасы аясында өткізілген «Бабалар үні» сайысының жүлдегері.

– Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келеді. Өзім әдебиет және математика пәнін жақсы көремін. Ал, бос уақытымда «Оқушылар үйінде» өтетін вокал сабағына қатысып, іні-сіңілдерімнің сабағына көмектесемін. Ауылда достарым өте көп, бір-біріміздің үйімізге қонаққа барамыз, – деді Малика Байтілеуова,

Айта кету керек, мерекелік шараға қаладағы білім беру ұйымдарының өкілдері, демеушілер қатысты. Балалар ұлттық аспапта күй тартып, би билеп көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

медиа орталығы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<